Сәулет мөлтек ауданы, Бисариев көшесінің тұрғындары техникалық заттарды жиі қоқысқа тастауға мәжбүр. Компьютер болсын, теледидар болсын аз уақыттың ішінде іс­тен шығады. Бұған себеп, көшедегі электр бағаны ескірген. 20 жылдан бері жөндеу көрмеген бағанның бүгінде сымдары салбырап тұр.

Қызылордада жаздыгүні қанша градус ыстық болатыны айтпаса да белгілі. Тіпті 45-50 градусқа дейін көтеріліп кететіні бар. Бұған үйренген қызылордалықтардың дені үйіне желдеткіш орнатқан. Осындай ыстық кезде сол желдеткішті пайдалана алмасаңыз, ашуланбай көріңіз! Сонымен қатар электр бағаны дұрыс болмаса мәселенің көкесі осында. “Жақында ғана несиеге теледидар алғанмын. Нақты ақшаға алсаң бірсәрі, ай сайын баланың ақшасынан төлеп отыруыма тура келеді. Ол теледидар да күні кеше электр бағанының дұрыс болмағанынан күйіп кетті”, – дейді ашынған Сәулет көшесінің тұрғыны.

Жиырма жылдан бері жөндеу көрмеген электр бағаны бүгінде қауіпті жағдайда. Тұрғындардың қорқатындайы бар екен. Себебі бағаннан салбырап жатқан сымдар балалар үшін өте қауіпті. Оны ойын баласы ұстап та, абайсызда басып та кетуі мүмкін. Әріптесім Балауса Қасымхан бұл тақырыпты ақпан айында көтерді. Сол кезде тиісті мамандар наурыз айында жөндеуге уәде еткен. Маусымның ортасына келсек те мәселе әлі  шешімін таппады. Ашынған халық тағы да тілшілерді шақыруға мәжбүр болды. Өйткені үйге керекті техникалардың бәрі істен шығып жатыр. Қашықтан білім алған кезде де бұл көшенің тұрғындары ғаламторға қосылуда қиындық көрді.  Қызылорданың желі белгілі ғой, екі күнде бір шаң көтеріледі де кетеді. Бұл күндері тұрғындар жарықсыз отыр деп есептей беріңіз. Себебі жел болса, ауыр көлік көшенің үстімен өткен сәтте сымдар міндетті түрде үзіледі. Бастапқыда мамандар шақыратын, енді сымды өздері жалғайды. Себебі тозығы жеткен бағанның сымы күнде-күнде үзіле береді.

Жұмакүл ӘБЕНОВА,

“Сәулет” м.а тұрғыны:

– Демалыс күндері толқынды пешке дәмді пісіргің келеді. Бірақ қоса алмаймыз. Мұздатқыш та, тоңазытқыш та қанша мәрте күйіп кетті. Теле­дидардың біреуі күйіп кетті. Бірін қоссаң, екіншісін ажырату керек. Себебі тоқтың күші келмейді. Желдеткіш дегенді мүлде пайдалана алмай­мыз. Осы тұрғанда ыстық 43 градус болып тұр, ал үйдің ішінде ауа жоқ.

Көшедегі бағаналардың бәрі құлап жатыр. Әсіресе кешкісін жарықтың күші әлсіз болады. Тұрғындар өздері жылда жамаған болады. Негізінен үйге 220 кВт кіру керек болса, бұл тұрғындарға 150 кВт кіреді. Бұл көрсеткіш өте аз. Құлағанын қайтадан тұрғызып, үзілгенін қайтара жалғап күн кешіп келеді. Олар алты жылда шешілмеген мәселе жуық арада шешімін табатынына күмәнмен қарайды.

Кәмшат НҰРПЕЙІСОВА,

“Сәулет” м.а тұрғыны:

– “Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының бөлім басшысы Біржан Далабаев өз қызметкерін жіберген. Оның айтуынша электр линиясының сметасы да дайын болмаған. Қалай уәде беріп келгенін білмеймін. Балалардан қорқамыз. Бағанды бетонға байлап қойған. Ол бетонға балалар мінеді, оларды қадағалап, қарап отырғанмен мініп кетеді. Біз балалар тоққа түсіп қала ма деп қорқамыз.

Әр мәселенің шешімін табатын тиісті сала мамандары бар. Ал бұл мәселеде “электр бағаналары біздің құзіретімізге жатпайды” деген жауап алдық. Бұл көшенің бағандарын жөндеу үшін міндетті түрде адам шығыны болу керек пе, әлде апатты жағдай орын алуға тиіс пе? Мәселе қай кезде шешімін табады өзі?

Дінмұхаммед СЫРЛЫБАЕВ,

Қызылорда қалалық ТКШ, Жолаушылар көлігі, автомо­биль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшы­сы­ның орынбасары:

–  Түнгі жарық шам бағаналарын орнату, электр жүйесі баға­наларын ауыстыру деген мәселелер көтерілді. Оның жоба сметалық құжаттарын әзірлеу үшін жобалаушы мекемеге тап­сырма берілді. Осыған байланысты жоба сметалық құжаттары әзірленіп, құрылыс монтаждау жұмыстарын жүргізуге қажетті қаражат көлемі анықталғаннан кейін жергілікті бюджеттен қар­жы бөлу мақсатында бюджеттік өтінім ұсынылатын бола­ды. Сонымен қатар электр желісі бағаналарын ауыстыру мәсе­лелері бөлім қызметіне жатпайды.

“Бітіріп береміз” деп арқадан қағып жібереді. Біз әне келеді, міне келеді деп әлі де сеніп келеміз. Дегенмен шыдамның да шегі бар ғой. Балалар жазым бола ма деп қорқамыз” деген тұрғындардың уәжі орында. Сметасы әлі дайын болмаған баған биыл жөнделеді деп үміттенудің өзі бос әурешілік. Техникалық құралдарды жиі ауыстыратын тұрғындар облыс әкімдігінен де, қала әкімдігінен де күдерін үзген. Олар шынымен қайда барарын білмейді. 

Мөлдір САБЫРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!