Әлемдік білім беру жүйесіндегі үздік тәжірибелерді меңгеру әрбір елдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуінде айшықты рөл атқарады. Бүгінде жастардың халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптасуына жол ашатын түрлі бағдарламалар іске қосылуда. Шетелдік жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндігі мектеп оқушыларына да қарастырылған. Мәселен, 17 жастағы қызылордалық Аянат «FLEX» бағдарламасымен АҚШ-тағы Индиана штатында бір жыл білім алып, жуырда елге оралды. Бағдарлама, шетелдегі өмір және білім туралы толығырақ білу үшін кейіпкерімізбен әңгімелескен болатынбыз.

Аянат Балғабайқызы − Серғали Толыбеков атындағы №3 IT мектеп-лицейінің түлегі. Оның айтуынша, «FLEX» туралы 10-сыныпта естіп, қатысуға шешім қабылдаған.

−Аянат, «Flex» бағдарламасы туралы айтып беріңізші. Іріктеу кезеңі қалай өтті? Ал ағылшын тілін қалай меңгердіңіз?

− Мектеп қабырғасына келіп, оқушы атанғаннан бастап ағылшын тілін үлкен қызығушылықпен оқыдым. «Қажырлы еңбек − табыс кілті» демекші, өмірімдегі жаңа бастамада ағылшын тілінің маңызы зор болды. «Flex» бағдарламасында бақ сынадым, әрине, мұның барлығы уақыт пен үздіксіз дайындықты талап етті. Іріктеу 3 кезеңді құрады. Мен үшін қиындық тудырған − соңғы кезең. Себебі АҚШ-тан келген емтихан алушымен ойын ойнап, көшбасшы екеніңді көрсету, жеке интервьюде шынайылығың мен айқын мақсатыңды жеткізу оңай емес. «Flex» толықтай American Council демеушілігімен жүзеге асады. Сондықтан барлық шығын ұйымдастырушылар тарапынан төленді. Сондай-ақ толық грант иеленген соң, ай сайын шәкіртақы алдым.

− Не үшін бұл бағдарламаны таңдадыңыз?

− Бағдарлама қатысушыларға Америка құрама штаттарының халқы мен мәдениетін тануға, өзге елдің әдет-ғұрыпымен танысып, бастысы жаһандану дәуірінде сапалы білім алуға мүмкіндік береді. Жастарға әсіресе менің құрдастарыма берері, үйретері көп. Өмірге тез үйренісуге, өз еліңнің мәдениетімен бөлісуге, өзге елдің салтына үйренуге бағыттайтын әрі жарқын болашаққа бастайтын бағдарлама.

− АҚШ-тағы тіршілік туралы айтсаңыз. Жаңа ортаға бейімделу қиын болды ма?

− АҚШ, Индиана штаты, Fort Wayne қаласындағы Heritage JR/SR High мектебінде оқыдым. Алғашқы күннен ақ барлығы ұнады. Жаңа ортаға тез бейімделдім. Негізінде мектеп таңдау құқығы берілмейді. Бірақ қажет жағдайда өзгертуге болады. Менде білім ордасын ауыстыру мәселесі туындамады.

Мектептегі бірінші күнімнен -ақ барлығымен тіл табысып, жақсы ортаның адамдарымен таныстым. Олардың арқасында керемет уақыт өткізіп, арманымдағы нағыз Американы көрдім. Әрине, өте жақын араласқан достарым да болды.

Ерекшеліктеріне тоқталсам, өзіңнің мамандығыңа, бейіміңе қарай пән таңдау мүмкіндігі қарастырылған. Бұл оқушының кәсіби дағдыларын арттыруға көмектеседі деп ойлаймын. Келесі ерекшелігі міндетті түрде түскі ас беріледі, барлық оқушыда жеке locker болады. Сынып емес, әр пәнге бөлек бекітілген аудиторияда дәріс өтеді. Спортзал толық қамтылған және маусымдық ойын түрлерімен еркін айналыса аласың.

Бағдарламаның қатысушылары шетелдік отбасымен бірге өмір сүреді. Менің америкалық отбасым керемет жандар болды. Мені өз қыздарындай санады. Ешқандай шектеу қоймады. Жаңа ата- анаммен тығыз байланыс әрі жылы қарым-қатынас орната алдық. Олар кеңесімен бөлісіп, жаңа елге үйренісуіме көп көмектесті. Қаржылық жағынан да өте жақсы қамтамасыз етілді.

− Бір жыл аз уақыт емес…

− Шетелдегі 1 жыл уақыт мені тек жақсы жаққа өзгертті деп нық айта аламын. Өмірде кездесетін мәселелерді сабырмен шешу, қорқынышыңды жеңу, көмектесуден және көмек сұраудан қашпауды, алға жүруден шаршамауды үйретті. Америкадағы кезеңді тиімді пайдалана алдым. Екі спорт түрімен кәсіби түрде шұғылданып, сабақтарымды да жоғары деңгейде оқыдым. Оқу үлгерімім және 115 сағат волонтерлық жұмыс істегенім үшін марапатқа ие болдым. Мектеп қабырғасында өзімнің жеке ұйымымды құрдым. Белсенді жұмыстың нәтижесінде «Student of the Month» номинациясын жеңіп алдым.

Бағдарлама бойынша тағы да шетелде оқу мүмкіндігі берілсе, 1 жылда орындалған жұмыс пен керемет сәттердің ешқайсысын өзгертпейтін едім. Ал «FLEX»пен оқуға түскісі келетін оқушыларға айтарым, өзіңізге сеніңіз және қорықпаңыз!

− Мектеп бітіруші түлексіз. Болашаққа қандай жоспарыңыз бар?

− «Алтын белгі» үміткері болған соң сынақтан жоғары балл жинап, бизнес және экономика бағытында өзімді дамытсам деймін. Алдағы уақытта шетелге оқуға түсіп, өмірімді сонда жалғастыру жоспарда бар.

− Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!