Әрбір оқушы алдыңғы буынға қарап бой түзеп, білімнің шыңына шығуды көздейді. Әсіресе, «Алтын белгі» иегері атану құрметіне қол жеткізу үшін өзгеден артық талпынып, басқадан ерек ізденеді. Биылғы мектеп түлегі Нұрай Абушахман  да – білімі арқылы биікті бағындырғандардың бірі. Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар мектептің түлегі артылған жүкті абыроймен еңсере білген.

– Нұрай, әр оқушының арманына айналған «Алтын белгіге» қол жеткізгеніңізді білеміз. Бұл – білім алу мен оқуға деген құлшыныстың жемісі. Сіз үшін аталған белгінің маңызы неде? Қандай жауапкершілік жүктейді?

– «Алтын белгіге» үміткер болған шақта ата-анадан бастап мектеп ұжымына дейін сенім артып, жауапкершілік жүктейтіні белгілі. Оқу үлгерімі ғана емес, үлгілі оқушы ретінде мінез-құлық қалыптастыруға да ықпал етеді. Қоғамдық жұмыс, ғылыми ізденіс, тәлім-тәрбие шарасына белсене қатысу сараланады. Яғни, «Алтын белгі» – бар бағытта үздік болу. Мен де осындай кезеңнен өттім. Туған-туыстарым қолдау көрсетіп, мәртебелі төсбелгіні алатыныма сенім білдірді.

Жалпы мен үшін бұл статус маңызды. «Бір асу бір асудан биік» демекші, төсбелгіні алуға деген ұмтылыс өмірдің биік белесіне қадам жасауға құлшыныс беріп, сенімділік сыйлады. Көп ой түюге де көмегі тигені жасырын емес. Осы тұста мектеп ұстаздары мен ата-анама алғыс білдіргім келеді. Әсіресе, білім нәрін берген Жұмагүл Иманбаеваның қолдауын ерекше сезіндім.

– «Алтын белгі» туралы көптеген таптаурын бар. Бірі оған қол жеткізу үшін бастауыштан біліміңді дәлелдеу керек десе, екіншісі оқудан бас алмау ғана биікке шығарады деп санайды. Жалпы, «Алтын белгі» алудың құпиясы бар ма?

– Әрине, төсбелгіні иелену оңай жұмыс емес. Көп күш, қажырлы еңбек қажет. Оны алудың айтарлықтай құпия әдісі бар деп айта алмас едім. Керегі – табандылық пен мақсат. Мектеп қабырғасында оқытылатын пәндерді игеруге қызығушылық молайып, тынымсыз ізденіс болса, «Алтын белгі» ауыр жүк емес. Алайда, ескеретін жайт бар. Оқушылар «Алтын белгіні» қорғауды емес, білім жинауды көбірек ойласа екен. Дайындық барысында да бір сәттік мерейді мақсат тұтпай, өмірлік серік болатын білімге ұмтылу жеміс береді. Сонда ғана нәтиже шығатынына сенімдімін. Бұл – менің тәжірибием.

Тағы айтарым, оқушы бойында еңбекқорлық, алғырлық қасиеттері болса, төсбелгі алу қиынға соқпайды. Бастысы – еңбек. «Алтын белгі» – ұйқысыз түн мен тынымсыз ізденіс.

– Мұндай жетістікке қол жеткізу үшін табандылық, сабыр керегі белгілі. Жүйелі оқуды бұзбау үшін құрбылармен сейіл құрудан бас тартқан, достармен қыдыруды кейінге қалдырған сәт көп болды ма?

– Иә, оқу жылында достармен кешкі серуен, кездесуді біршама кейінге қалдырғаным рас. Себебі, бар назарым пәндік сынақ пен ҰБТ-да болды. Өзгеге алаңдамай, дайындықты күшейту үшін жүйелі түрде оқыдым. Ал жүйелі ізденіс артық уақыт қалдырмайтынын білеміз. Құрбы-құрдастармен басқа уақытта да кездесуге болады. Оның үстіне «Алтын белгі» иегерлеріне талап күшейді. Апта сайын емтихан тапсырып, қатемен жұмыс істеуге дағдыландық. Шынында, құрбы-доспен сейіл құрып, көңіл көтергің келеді. Алайда, мақсатқа жету үшін кейбір кедергілерден бас тартқан дұрыс. Жыл сайын мектеп бітіруші түлектер солай жасайды деп ойлаймын.

– «Алтын белгі» оқуға көп уақыт бөлудің нәтижесі ме, әлде алған білімді сіңіре алуды жемісі ме?

– Әрине, білімді сіңіре алудың жемісі. Оқуға көп уақыт бөлу мен алған білімді сіңіру екі түрлі нәрсе. Қаншама уақытыңды оқуға бөліп, бірақ түк нәтиже шықпаса, уақыттың зая кеткені емес пе? Түсініп оқып, керек жерін түртіп алып, білімді бойыңа сіңіре алсаң, болашақта көп көмегін тигізеді. Осы орайда мұғалімдердің де еңбегі ақталады.

– Үміткер болу бір бөлек, «Алтын белгіні» қорғау басқа белес. Биылғы өзгеріс қаншалықты әсер етті? ҰБТ-мен қатар келген «Алтын белгі» сынағы қиынға соқпады ма?

– Биыл «Алтын белгі» иегерлеріне талаптың күшейгенін естігенде қобалжу басым болды. «Қорғай алмасам не болмақ?», «Төсбелгіге үміткер болудан бас тартсам қайтеді?» деген күдік болды. Дегенмен, өзіме, 11 жыл бойы алған біліміме сеніп, бар қорқынышты тежеуге мүмікіндік алдым. Қаншама адам үміт артып отырған соң сенімді ақтаймын деп мақсат қойдым. Арнайы дайындалған тест кешені өте күрделі болды. Жауап беру де қиынға соққты.

Кей оқушы «Алтын белгі алсам кез келген оқу орнына еркін түсемін» деп ойлайды. Бұл – қате пікір. «Алтын белгі» мен ҰБТ екі бөлек дайындықты қажет етеді. Мен де дайындықты екі есе күшейттім. ҰБТ мен «Алтын белгіні» қорғауғ аарналған тестке қатар дайындалып, табандылық көрсете білдім. Екеуіне бірдей дайындалу, күн-түні оқу оңай болмады. Таңертең мектепке кеткеннен үйге тек кешке оралатынмын. Күн тәртібі де тығыз болғаны бар. Мысалы, мектепте апта сайын емтихан тапсырып, қатемен жұмыс жасап, пән мұғалімдерімен дайындалсақ, түскі уақытта дайындық курсына барып кешке дейін ізденетінмін. Кешке тағы да курсқа кетемін. Міне, осындай еңбектің нәтижесі ақталды. Кез келген мақсатқа жету үшін төзімділік қажет. Қанша қиын болса да, берілмеу қажет.

– Алдағы жоспармен бөліссеңіз.

– Бұл асудан да өттік. Енді алда тағы бір биік күтіп тұр. Ол – білікті маман болу. ҰБТ-дан 116 балл жинадым. Таңдаған мамандығым – қазақ тілі және әдебиеті пән мұғалімі. Алда грант иегері атанып, 4 жылдық оқуымды үздікке аяқтауды көздеп отырмын. Білімімді жетілдіру үшін өзімді біршама салада сынағым келеді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Берен Шағыров

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!