2023 жылдың «Алтын доп» иегері Париж қаласында өткен салтанатты шарада анықталды. Көпшілігі Лионель Мессиге дауыс берді. Осылайша әлемдегі үздік ойыншының біріне айналған Месси кәсіби мансабындағы сегізінші «Алтын допты» иеленген. Бұған дейін ол

бұл атақты 2009, 2019, 2021 жылдарда ие болған еді. Сондай-ақ, 2010, 2011, 2012, 2015 жылдарда «ФИФА Алтын добы» жеңімпазы атанды. Қазіргі таңда Аргентина құрамасы мен АҚШ-тың «Интер Майами» командасының шабуылшысына айналған Месси Америка құрлығына жаңалық енгізді. Олай дейтініміз, құрлық ойыншылардың ешқайсысы осыған дейін «Алтын допты» иеленбеген болатын.

Әлемдік футбол тарихында есімі алтын әріппен жазылатын екі аяқ доп шебері болса, соның бірі – Месси. Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, бала күнінде көп қиындық көрген балалар өскенде үлкен мақсаттарға жетеді екен. Өйткені әбден ысылып, өмірдің барлық соқпағынан өткендер есейген шағында кез келген жағдайға дайын болатын көрінеді. Ойша бағамдар болсаңыз, әрбір жетістікке жеткен адам үнемі өзін жетілдіргені байқалады. Мәселен, жастайынан ата-анасына жәрдемдесіп қолғанат болады. Сонымен қатар айналасына жанашыр болып келеді. Ол жанның бойында адамзатқа деген ішкі құрметі мен дүниені танып-білуге қатысты энергиясы мол болады. Осылайша айналасына шуағын шашып жүреді. Бүгінгі кейіпкеріміз де аталған қасиеттердің барлығы бар. Осы орайда аңыз ойыншының кәсіби мансабына көз жүгіртіп көрейік.

1986 жылы Марадона бастаған Аргентина құрамасы әлем чемпионы атанған соң бір жылдан кейін Росарио қаласында Леонель есімді сәби дүниеге келеді. Аргентина әлем кубогын алған соң елде футбол культі одан әрі күшейген еді. Месси де достарымен бірге доп қуғанды жақсы көрген.

Бірақ бала кезінде Мессиге «бой өсіретін гормон тапшылығы» деген диагноз қойылады. Мұндай диагноз қойылған адамдардың бойы мен бұлшықеті өспей қалады. Бала Месси гормон тапшылығынан емделе бастайды, бірақ қаржы жағы қолбайлау болады. Дегенмен бұл қиындыққа қарамастан ол футболды тастамайды. Кейін Испанияның «Барселона» футбол клубының селекторлары 13 жастағы Мессидің шеберлігін байқап қалып, оны команданың футбол академиясына алдырады. Мессидің отбасы да онымен бірге Испанияға көшеді, ал «Барселона» оның еміне де ақша бөліп, емдетеді.

Месси «Барселона» академиясында бапкерлердің көзіне бірден түсіп, 2003 жылы 16 жасында «Барселона» сапында алғашқы ойынын өткізді. Ал 2008 жылы ол бұл команданың негізгі футболшысына айналып үлгерді.

2004-2021 жылдары Месси «Барселона» сапында 778 ойын өткізіп, 672 голдың авторы атанды. Осы аралықта ол «Барселонамен» 35 кубок жеңіп алды: 10 рет Испания чемпионы атанды, төрт рет UEFA Чемпиондар лигасын жеңді. Бұған қоса, әлемнің үздік футболшысына берілетін «Алтын допты» жеті рет, FIFA тағайындайтын «Жыл ойыншысы» атағын алты рет иеленді.

2021 жылы Месси «Барселонамен» келісім-шартын үзіп, Францияның «Пари Сен Жермен» (ПСЖ) командасына ауысты. Қазір осы клубтың лидері. Париждің клубында Франция чемпионы атанды.

Месси клубтық деңгейдегі жарыстардың барлығын жеңгенімен, құрамадағы жетістігімен мақтана алмайтын еді. 2014 жылы әлем кубогының финалында Германиядан жеңіліп қалған. Америка кубогының финалында 2007 жылы Бразилиядан, 2015 және 2016 жылы Чилиден жеңілген.

Аргентина құрамасында маңызды төрт финалдағы сәтсіздіктен соң 2021 жылы Месси бастаған команда ақырында Оңтүстік Америка кубогын иеленді. Аргентина финалда Бразилияны 1:0 есебімен жеңген еді.

Кеше, 18 желтоқсанға дейін Мессиде әлем кубогының алтыны ғана жоқ болатын. Енді 35 жастағы Мессиде бұл атақ та бар. Ол бұл кубокқа өзінің алаңдағы 1003-ойынында жетті.

P.S. «Алтын доп» марапатында өзге де үздік ойыншылар анықталды. Аргентиналық футболшымен бірге үздік үштікке “Манчестер Сити” командасының ойыншысы Эрлинг Холланд пен ПСЖ шабуылшысы Киллиан Мбаппе кірді. Сондай-ақ мадридтік «Реал» футболшысы Джуд Беллингем 21 жасқа дейінгі үздік ойыншыға табысталатын “Копа” жүлдесіне ие болды. Ал жылдың ең үздік қақпашысы болып Аргентина құрамасының сапындағы Эмилиано Мартинес танылды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!