Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында инклюзивті қоғамдық орта қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Расымен, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жүйелі түрде қолдау дамыған және әлеуметтік жауапты мемлекеттерге тән. Қазақстан бұл бағыттағы жұмысты үнемі жақсартып отыруға тиіс. Себебі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар саны өсуде. Сонымен қатар мұндай іске мамандандырылған ұйымдардың алаңсыз жұмыс істеуі үшін қолданыстағы нормалар ескірген.

Өңірлердегі арнаулы мекемелерді ескере отырып, онда бала дүниеге келгеннен бастап мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтің барлық түрі ұсынылуы керек. Білім және ғылым министрлігі ерекше балалардың білім алу құ­қықтарын іске асыру мәселесіне айырықша назар аударғаны жөн, – деген болатын Мемлекет басшысы.

«Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» бағдарламасында даерекше қажеттіліктері бар адамдардың өзіне ыңғайлы жұмысты таңдауы мақсатында Мамандықтар атласы жасалатыны айтылған. Мүгедектерді жұмысқа орналастыру квотасын орындамаған жұмыс берушілер үшін мүгедектерге жұмыс орындарын ашуға бағытталған өтемақы төлемдері енгізіледі. 2025 жылға қарай мүгедектігімен жұмысқа орналасқан адамдар саны 30%-ке дейін өспек. Тұрақты күтімді қажет ететін және жеке көмекшінің қызметін пайдаланбайтын мүгедектіктің бірінші тобы бар барлық азаматтарға күнкөріс деңгейінің 1,4 мөлшерінде қосымша әлеуметтік жәрдемақы беріледі.

Азаматты қатыстырмай, оның мүгедектігін сырттай белгілеу енгізіледі. Бұл куәландыру рәсімін жеңілдетіп, айқындықты қамтамасыз ету арқылы сыбайлас жемқорлықтың туындауына жол бермейді. Мүгедектігі бар балалар үшін кәмелеттік жасқа толғаннан кейін тұрғын үйге кезегі де үзілмейді. 2025 жылға қарай мүгедектігі бар адамдар 100% қажетті техникалық құралдармен және бейімдеу қызметтерімен қамтамасыз етіледі.

Бұдан бөлек, біз зағип және көру қабілеті төмен азаматтарға арналған кітапхана қорын, оның ішінде қазақ тіліндегі кітапханаларды көбейтуге, ишарат тіліне онлайн аудару үшін арнайы бағдарламаларды қолжетімді етуге тиіспіз. Партия жиындарында, қоғамдық қабылдауларда түйіткілді проблема жайы шет қалған емес, біз азаматтарға барлық қарастырылатын мүмкіндіктерді толыққанды жеткізуге күш салып келеміз.

Аманжол ОҢҒАРБАЕВ,

Облыстық мәслихат депутаты

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!