19 қарашадан бастап Алматыда қыздарды арбау техникасын үйрету бойынша тренинг өткізетінін мәлімдеген Алекс Леслидің елге келуіне бір жылға тыйым салынды. Бұл туралы қалалық полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Алекс Лесли лақап атымен танылған Александр Кирилловтың Қазақстанға келуіне тыйым салуды қоғам белсенділері талап еткен еді. Солардың қатарында Мұхамеджан Тазабек те бар. Instagram-парақшасында жазба жариялаған ол «қазақ қызының ар-ұятын аяққа таптағысы келетіндердің жолын кесу керегін» мәлімдеді. 

«Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді деген. Біздің жігіттердің ар-ұяты, намысы, айбыны азайған сайын осындай басынушылар көбейіп жатыр. Әрқайсыңыз дауысыңыз жеткенше бұл нәрседен сақтандыруға шақырамын», – деді ол. 

Жазбаға жауап берген қалалық полиция департаменті Алекс Леслидің Қазақстанға келуіне бір жылға тыйым салынғанын хабарлады. 

Айта кетейік, бұған дейін Алекс Лесли лақап атымен танымал Александр Куриллов 19-27 қараша аралығында Алматы қаласында қыздарды арбау техникасы бойынша тренинг өткізетінін мәлімдеген еді. Ал қазақстандық белсенділер мұны «сайлауалды арандату» деп бағалап, тренингтердің өтуіне тыйым салуды ұсынды.