Әлеуметтік желіде мектептердің оқу бағдарламасынан «Дене шынықтыру» пәні жойылып, оның орнына нақты пәндер саны артатыны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Taulik.kz Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап. 

Оған сәйкес, «Дене шынықтыру» пәні үйірме ретінде қалып, пән мұғалімдері спорт мектептеріне жұмысқа ауысатын болған.

Informburo.kz порталының тілшісі бұл ақпараттың рас не өтірік екені туралы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтен сұрады.

«Әртүрлі фейк ақпараттар көп. Мұндай фейк ақпараттарға мен қосымша ақпарат бергім келмейді. Бұл – фейк», – деді министр.

Үкімет отырысында жасаған баяндамасында Асхат Аймағамбетов «Жайлы мектеп» жобасы жөнінде түсіндіре келе мектептердегі спорт залдары туралы да айтты. Министрдің сөзінше, қазіргі күні 1 200 оқушыға арналған мектепте көбіне бір спортзал ғана қарастырылған.

«Онда таңертеңгі 8.00-ден кешке дейін бір уақытта 4-5 сынып үшін дене шынықтыру сабағы өтеді. Ал жайлы мектептерде балалардың жас ерекшелігіне байланысты бірнеше спортзал қарастырылған», – деді оқу-ағарту министрі.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!