kazbilim.kz

 Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР Әлеуметтік кодексінің жобасын таныстыру кезінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова жастарды жұмысқа орналастыруды ынталандыру қадамдарын айтты.

«Бүгінгі таңда дипломның болуы жұмысқа қабылдау кезінде біліктілік деңгейінің дәлелі емес екенін мойындау керек. Сондықтан жұмыс берушілердің көпшілігі нақты тәжірибенің болуын талап етеді. Бұл жастардың жұмысқа орналасуына кедергі болып отыр. Осы орайда ұлттық біліктілік жүйесін дамыту арқылы білім беру жүйесін жұмыс берушілердің талаптарымен байланыстыратын

«Кәсіптік біліктілік туралы» заң жобасы әзірленді. Білім беру бағдарламалары жұмыс берушілердің техникалық тапсырмаларына, яғни кәсіптік стандарттарына сәйкес әзірленетін болады», — Т. Дүйсенова.

Оның айтуынша, бұл бағытта сертификаттау жүйесі енгізіледі. Мұнда азаматтардың білімін практикада қолдана алу мүмкіндігі, белгіленген жұмысты алып кете алатындай біліктілігі бағаланып, осыдан кейін сертификат беріледі. Сертификаттар тек ресми ғана емес, сонымен қатар ресми емес және информалды білімі бар адамдарға да беріледі.

«Осы орайда заң қабылданған соң, қызметкердің нақты біліктілігі мен құзыретін растайтын сертификаттың болуы жұмысқа тұруда артықшылыққа айналады. Бұл ретте жұмыс берушілерді өз жұмыскерлерін оқытуға ынталандыру үшін мемлекеттік сатып алу процесінде қазақстандық қамту деңгейін тек отандық жұмыскерлердің санымен ғана емес, олардың ішіндегі сертификатталған жұмыскерлердің үлесін қоса айқындау ұсынылады», — деді министр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!