Жас буынның физикалық, материалдық тұрғыдан ғана сапалы өмір сүруге ұмтылмайтынын мойындау керек. Сан түрлі салада жаңалық ашып, зерттеу жүргізіп жүрген де, әлемге қазақтың атын танытып жүрген де, білімімен мыңды жығып жүрген де – жастар. «Бой емес, ой жарыстыратын» заманда интеллект деңгейі де назардан тыс қалмайды. Облыстық қоғамдық даму басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен жаһандану заманында бәсекеге қабілетті, ұшқыр ойлы, интеллектуал ұлт тәрбиелеу мақсатында «IQ-ORDA» республикалық интеллектуалды байқауы өтті. Үздіктердің үздігін анықтайтын сайысқа республиканың алты аймағынан барлығы 20 команда қатысып, өзара бақ сынасты.

Республикалық сайысқа Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Н.Сақтағанов арнайы қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Өздеріңіз білесіздер, мемлекет жастардың білім-білігін көтеру, бағыт-бағдар беру мен жаңа бастамаларға қолдау білдіру сынды өзекті мәселелерді әркез қалыс қалдырған емес. Үкіметке, жергілікті басқару органдарына тиісті тапсырмалар беріліп, жастар саясатын жүргізуге тұрақты көңіл бөлініп келеді. XXI ғасыр – білімнің, интеллектуалды адам капиталының заманы. Жастарға қай заманда да көп үміт артылған, артыла да бермек. Еліміздің барлық интеллектуал, эрудит жастарына бүгінгі сайыста сәттілік тілеймін, – деді Нұрымбет Аманұлы.

Барлығы 5 кезеңнен тұратын сайыста командалар қазақ және әлем әдебиеті, тәуелсіз Қазақстанның тарихы, логика, кино және музыка тақырыптары бойынша арнайы дайындалған сұрақтарға жауап беруі тиіс.

Байқау қорытындысы бойынша жүлделі I орынды Қазалы ауданынан келген «Қазалы» командасы (500 000 тг) иемденсе, II орынға Жалағаш ауданының «J-Team» командасы (300 000 тг) лайық деп танылды. Ал III орынға Алматы қаласынан келген «Әл-Фараби» командасы (200 000 тг) жайғасты. Арнайы номинация (50 000 тг) бірнеше командаға берілді. Оның ішінде Атырау облысынан келген «Бейбарыс сұлтан ұрпақтары», Ақтөбе облысынан келген «Намысты елдің ұрпақтарымыз», Жетісу облысынан келген «7SU TEAM», шығысқазақстандық «Алаш Орда» және Қармақшы ауданының «Qadam» командасы мен Қызылорда қаласындағы №235 мектебінің құрамасы «Көмекбай жастары» командасына бұйырды.

– Интеллектуалды ұлтты қалыптастыру жолында осындай байқаулардың рөлі жоғары. Логиканы, интеллектті дамытуға тікелей әсер ететін де – осындай шаралар. Сондықтан Қызылордада ғана емес, барлық өңірде де жиі өткізіліп тұрғаны жөн. Алматы қаласынан арнайы осы байқауға қатысу үшін дайындалып, асқан қызығушылықпен команда жинап келдік, – дейді қатысушы Айбек Шегебаев.

Жан жақтан келген жастардың басын қосқан шараның басты ұйымдастырушысы – облыстық «Жастар» ресурстық орталығының директоры Талғас Тілес өңірде бірінші рет өткізіліп жатқан республикалық байқаудың тұрақты түрде жалғасын табарына сенімді. «Жастар арасындағы интеллектуалдық байқау облысымызда бірінші рет өткізіліп отыр. Барлығы алты өңірден 20 команда қатысты. Демек, мемлекет алдында тұрған зияткер ұрпақты қалыптастыру мақсаты орындалуда. Байқауға қатысқан командаларға рақмет! Бұйырса, әлі де жалғасын табады», – деді жастардың көшбасшысы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!