Астана қаласының әкімдігі бүгін өмірден өткен сөндірушінің отбасына көңіл айтып, Асқар Зәбикулин мен Аян Кемпіровтің отбасына қандай көмек көрсетілетінін айтты. Оларға баспанаға беріліп, бүкіл несиелерін төлеп береді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Елорда әкімінің баспасөз хатшысы Ақмарал Олжабаева өз жазбасында Асқар Забикулиннің қазасы бәріміз үшін орны толмас қайғы екенін айтқан. Ол Асқардың жанкешті әрекетінің арқасында бірнеше адамды құтқарып қалғанын атап өткен.

«Асқардың артында екі кішкентай баласы қалды. Өздеріңіз білетіндей, Асқар Забикулиннің жұбайына үш бөлмелі пәтердің сертификаты тапсырылды. Жаңа баспана Есіл ауданындағы жаңа тұрғын үй кешенінде орналасқан. Бұл пәтер Аскардың отбасына жекеменшікке, әрленген күйде әрі жиһазымен бірге беріледі. Қазір құжаттарын рәсімдеу жұмысы жүріп жатыр.

Ал құтқарушы Аян Кемпіровтің отбасына көмек ретінде ипотекасы жабылды. Оның сомасы 24 миллион теңгені құрайды. Сол сияқты Асқар Забикулин мен Аян Кемпіровтің отбасыларына тиесілі 6 миллион теңгенің несиесі өтелді», – деп мәлімдеді Ақмарал Олжабаева.

Асқардың батырлығы мен қысылтаяң сәттегі жанқиярлық әрекеті жүрегімізде мәңгі сақталады. Мемлекет құтқарушылардың отбасыларына барынша қолдау көрсетіп, қамқорлығына алып келеді, деп жазды ол.

Еске салайық, Астанадағы тұрғын үй кешеніндегі өрт кезінде үш адамды құтқарған Асқар Забикулин 20 қарашада дүниеден өткен. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін қанша тырысқанымен, батырдың демі ауруханада үзілді.

Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысының атынан ҚР ТЖ министрі Юрий Ильин мен елорда әкімі Алтай Көлгінов өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің отбасына үш бөлмелі пәтердің сертификатын табыстаған еді. 

Еске салайық, 16 қарашада Астанадағы пәтерлердің бірінен өрт шығып, екі ересек пен бір баланың көмірқышқыл газынан уланғаны жазылған.

Оларды құтқарып қалған қызметкердің беті, арқасы, іші, жоғарғы және төменгі жақтары 2-3 дәрежелі күйік шалды. Денесінің 80% күйік шалған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!