kazbilim.kz

Талантты педагог, кемеңгер ұстаз, ұлт руханиятының жанашыры Алма Қыраубаевадан ұстаздарға кеңес:

✔️

Ең жақсы өткен сабақтың қай жерден, қалай аяқталатынын күні бұрын білмейсің. Бұл сабақты шәкірт пен ұстаздың бірлескен ізденісі деуге болады. Сабақтың барлық жағдайын алдын ала жоспарлап қою шәкірттің еркіндігіне шідер салумен бірдей.

✔️

Шәкірт «екі» қою арқылы тәрбиелеуге болмайды. «Екілік» — өзіңе қойған бағаң. Өзіне талап қоюға ерінген мұғалім балаға талап қойғыш болады.

✔️

Бала әділетсіз жазалаудан, үздіксіз ескерту жасай беруден не істерін білмей, өзіне-өзі сенімсіз болып, жүйке ауруына ұшырайды.

✔️

Мұғалім мен бала арасындағы түсініспеушілік әр адамның туғаннан жаратылысы бөлек, адамның туғаннан өзіне ғана тән табиғаты бар екенін мойындамаудан шығады. Баланың мінезін өзгертемін деуге болмайды, мінезінің жақсы жақтарын байқап, дамытуға ғана болады.

✔️

Барлық жерде мұғалімге қойылатын талап: баланы тәрбиеле! Бірақ тәрбиенің не екенін дұрыстап түсіндірген ешкім жоқ. Тәрбиелеу дегенді – тәртіпті қылу деп ойлаймыз.

✔️

Оқушылары тым-тырыс отыратын мұғалімнің сабағынан, қажетті жерде шулата білген сабақ қызық.

✔️

Кісімен қарым-қатынас мәдениетін отбасынан сіңіре алмаған балаға мектепте де, өсіп, кісі болғанда да мақсатына жету қиын. Ол баланы мұғалімі өте сезімталдықпен жетектеуі қажет болады. Сүйкімсіз баладан ертең айналасына қадірсіз адам шығуы мүмкін.

✔️

Тіл алмайтын ызақор бала кемшілігін бетіне баса беруден шығады.

✔️

Шәкірттің сеніміне кіру қиын. Ол үшін шәкіртке әуелі өзің сенуің керек болады. Баланың қайғысы мұғалімнің жақсы оқитын және жаман оқитын бала деп бөлуінен басталады. Осыдан кейін баланың рухани дүниесі тек бағамен өлшенеді. Оқушының кемшілігін көргіш болсаң, ықыласын өлтіресің.

✔️

Өзі білетін адам ғана басқаға үйрете алады. 30 жылдан аса педагогикалық тәжірибесі бар ұстаз ретінде менің әріптестеріме айтарым: «Дәрігер адам тәнін емдесе, мұғалім адам жанын емдейді. Мұғалім сыныпқа баға қою үшін емес, балаларды шабыттандыру, ең болмағанда, ынталандыру үшін кіру керек. Әр сабаққа шабыттанып кіріп, қанаттанып шыққан мұғалім – бақытты…»

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!