Еріктілік азаматтық қоғамның ажырамас бөлшегіне айналғаны анық. Қиын-қыстау күнде ақысыз жәрдемдесіп, бірлесе берекені көрсететін топтың мүмкіндігі өлшеусіз, жоспары мол. Бұрын кейбірі мұндай жақсылық жолды қолы бос жастың ермегі санайтын болса, қазір еріктілерге құрмет артып, маңызы айшықтала түскен. Оған себеп те жоқ емес. Әсіресе, пандемия кезіндегі волонтер көмегі көптің ой-пікірін өзгертіп, тың тұжырым жасауға түрткі болды. Сыр өңірінде де еріктілер тобының жобалары қолдау тауып, бастамалар сәтті жүзеге асуда. Соның бірі – жалағаштық «Jalyndy jas» еріктілер мектебі.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, еріктілер мектебінің жүзеге асуында ауқымды идея жатыр. Бастапқыда мақсат жастардың белсенді ортасын қалыптастыру, жақсы іспен шұғылданатын топ құру болса, кейіннен еріктілердің базасын жасақтау, олардың әлеуметтік белсенділігі мен өзін-өзі дамытуына жағдай жасауға ойысқан. Қазір нәтиже жаман емес. Еріктілер түрлі форматта кездесулер ұйымдастырып, аудандық «Жастар ресурстық орталығымен» бірлесе жобаларды қолға алған. Тіпті, еріктілер мектебі жеке, заңды тұлғаларға және әлеуметтік топтарға көмек көрсетумен де айналысады.

– Қоғамда азаматтық ұстаным, өзін-өзі ұйымдастыру, әлеуметтік жауапкершілік, ынтымақ, өзара көмек және мейірімділік сезімін қалыптастыру өзекті. Сондай-ақ жастар арасындағы татулық, достық пен келісімді нығайту, әлеуметтік, ұлтаралық жанжалдардың алдын алу да ерекше мәнге ие. Мемлекеттік жастар саясатының ұстыны да осы құндылықтарға негізделген. «Jalyndy jas» еріктілер мектебі аталған басымдыққа мән беріп, жастардың саламатты өмір салтын қалыптастыруына, Отансүйгіштік сезімін оятуға қадам жасайды. Ол үшін қайырымдылық жұмысын жүргізу, қоғамға көмек көрсету мәдениетін қалыптастыру басты орында. Сондықтан топ мүшелері әлеуметтік сала мекемелерімен бірлесіп көмек көрсету шараларын ұйымдастырады. Қоршаған ортаны қорғау, аумақтарды абаттандыру жұмыстару, ауылдық жердегі талантты және белсенді жастарды танытуды да қаперге алған, – дейді еріктілер мектебінің жетекшісі Нарбота Серәлі.

Расында, еріктілік қызмет көрсетуде «Jalyndy jas» еріктілер мектебінің жұмысы қарқынды дамуда. Жастар жыл сайын жаңа жоба ұсынып, мұқтаж азаматтарға көмек көрсетудің тың әдісін табуға ұмтылуда. Нәтижесінде мемлекет тарапынан да қолдауға ие болып, жұмыс жүргізуде. Мәселен, жуырда «Jalyndy jas» Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының шағын гранттарын жеңіп алды. Бастамашыл топтарды және еріктілерді қолдауға арналған гранттардың көмегімен аудан жастары 3 Coworking орталық, 3 спорттық үйірме, 2 көшеге қоқыс жәшіктерін, ерекше балаларды қолдау бағытында 2 мекемеге материалдық демеушілік жасауға мүмкіндік алды. Сонымен қатар ауылды көркейту үшін 2 ауылға жаңа жоба және 1 отбасыға баспана табыстады. 2022 жылдың сегіз айында еріктілер 6 млн 135 мың теңге қаржыны құрайтын 16 жоба жеңіп алған.

– Кезекті грант нәтижесінде «Алтын бесік ауылым» жобасын жүзеге асырдық. Жоба аясында еріктілердің ұйымдастыруымен елді-мекенге «Ауылым» деген жазуы бар инсталляция орнаттық. Мұның өзі бірлік пен ынтымақтың символы екені даусыз. Бұл жоба ауыл тұрғындары мен жастардың кешкі уақытта серуендеп, бас қосуына қолайлы орта қалыптастыруға сеп, – дейді Н.Серәлі.

P.S. Бүгінде «Jalyndy jas»еріктілер мектебінің жұмыс көрсеткіші көңіл қуантады. Жүзеге асқан жобаларды айтпағанда, Жалағаш жастарының потенциалын ашу, қоғам дамуына үлес қосуға құлшынысын оятуға өлшеусіз үлес қосуда. Мұны мектеп құрамынан-ақ аңғару қиын емес. Қазіргі таңда мектепте 400-ге жуық ерікті және 25-ке тарта бірлескен мекеме мен ұйым  бар. Топтың құрамына кірген жұмыссыз жастардың басым дені тұрақты жұмысқа орналасып, жаңа кәсіп иелері атанып жатқаны да қуантарлық.

Берен ШАҒЫРОВ