Осы уақытқа дейін «Бастау бизнес» бойынша 44 362 жоба іске қосылды және 60 мыңға жуық жұмыс орны құрылды. Мұндай статистиканы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер пала­тасы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов Орталық коммуникациялар қыз­метінде он­лайн-брифингте айтты.

Палата мәліметінше, 2017-2020 жылдар аралығында «Бастау бизнес» жобасы бойынша жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған 151 528 азамат кәсіпкерлік негіздерін оқыған. Олардың ішінде 4 жылда 44 362 жоба іске қосылды. Оның 36 пайызы микронесиелер есебінен және 64 пайызы «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде гранттық қаржыландыру есебінен білім алды.

– 30 188 адам оқытылды, бұл – жоспардың 101 пайызы. Жос­пар­лы санның асып кетуі өңірлерде оқуға нақты қажеттіліктің болуына байланысты. 30 188 оқуды аяқтағандардың ішінде 19261-і жұмыссыз, 8733-і өзін-өзі жұмыспен қамтыған және 2194-і ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер, – деді Нариман Әбілшайықов.

Сонымен қатар Нариман Әбілшайықов «Бастау бизнес» жоба­сында оқыған түлектерге жаңа мүмкіндіктердің беріліп жатқанын атап өтті.

– Алдағы күндері пандемия уақытында зардап шеккен жоба түлектері төмен пайызбен несие рәсімдей алады. Оқыту микро­несие берілуге байланысты жүргізіледі. Бұл оқытуды, микроқар­жы­ландыруды, жобаларды сүйемелдеуді қамтитын тұтас бір экожүйені құруға мүмкіндік береді, – деді ол.

Республика бойынша барлығы 15 микроқаржы ұйымы ашылып, оларға ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы берілді. Барлық Микроқаржыландыру ұйымдары 15 шілдеден бастап өтінімдерді қабылдауды бастады. Қазіргі уақытта 3 млрд теңгеден астам сомаға 600-ге жуық өтінім қабылданды.

– Бастау бизнес» жобасының түлектері әрқашан мемлекеттің қол­дауын сезінеді. Міне, қазір де Президент Қ.Тоқаевтың тапсыр­масымен оқуға қатысушыларды қаржыландыруға жеткілікті қаражат бөлінді. Біз ЖАО-мен бірлескен микроқаржылық ұйымдар желісі жылдық 6 пайыздық жеңілдікті мөлшерлеме бойынша микрокредиттеудің қол­жетімділігін арттыратынына сенімдіміз. Сонымен қатар несиені өтеу кезінде демалыс кезеңі де қарастырылған, – деп толықтырды Нариман Әбілшайықов.