Нұржан Амандық,  Жалағаш аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры:

– Өзіңіз білесіз, жастардың басым бөлігінде кәсіп ашамын деген ынта бар. Қаншасы кәсібін аз қаржымен бастап, қолға алып келеді. Біреуі тігін тігіп, тәтті тоқаштар сатумен айналысса, енді бірі пластик терезе шығару, көлік жуу орнын ашу жұмыстарын жүргізіп келеді. Жыл сайын мемлекеттен берілетін қайтарымсыз қаржыны жеңіп алып, кәсібін дөңгелетіп жатқандар бар. Биыл ол қаржының көлемі көбейді. Алғашқы ағындағы жеңімпаздар қаржысын алып, кәсібін бастауда. Қалғандары да қаржының түсуіне байланысты кәсіп санын көбейтетіні белгілі. Нақтырақ айтсақ, ауданда 527 кәсіпкер тіркелсе, оның 221-і жас кәсіпкерлер. Сондай-ақ жыл басынан ауданнан мемлекеттік, үкіметтік және өңірлік бағдар­ламалар аясын­да шағын және орта кәсіпкерлікті бастау немесе дамыту бағытында 109 кәсіпкер 2356,3 млн теңгеге қаржылан­дырылса. Оның ішінен, 9 жас кәсіпкер 37,1 млн теңгеге қаржыландырылған. Ұлттық жоба шеңберіндегі 1 225 200 теңге (400АЕК) қайтарымсыз грант бойынша 63 кәсіпкер қолдау алған, оның 60,3 пайызы жас кәсіпкерлерге тиесілі.

Мәселен кез келген идеяны жүзеге асыруға болады. Десе де барлығы қаражатқа келіп тірелетіні анық. Әйтпесе, біраз шаруаны атқарып тастайтын уақыт өтті. Біршамасына тоқталар болсақ, республикалық шағын гранттар байқауына қатысып, Шәменов ауылында коворкинг орталығын аштық. Онда спортпен шұғылдануға да айтарлықтай жағдай жасалған. Сондай-ақ жалағаштық жастар «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грантты жеңіп алды. Мұнда қалай шағын грантқа қатысуға болатыны, қалай ұтып алатыны, ақшаны игеру, есептерін дұрыс өткізу секілді сабақтар оқытылады. Сондай-ақ кешкі мезгілде жастардың уақытын тиімді өткізуге арнайы жоба жасап, ұтып алдық. Жастар үшін гитара, домбыра секілді музыкалық аспаптар тегін берілуде.