Қазір шұғыл ақша қажет болса, онлайн несие рәсімдеп, мәселені оңай шешуге болады. 21 жастан асқан адамдарға несиені оңды-солды үлестіретін қызметтің бұл түрі клиенттен жеке басты куәландыратын құжатты ғана талап етеді. Жұмыс орнынан табыс жөнінде анықтама, зейнетақы жарнасының аударымын растайтын құжат, несие тарихы қажет емес. 15 минуттың ішінде  әмиянды толтырып алуға болады. Бірақ оңай олжаның соңы опық жегізетінін жұртшылық ескере бермейтіні өкінішті. Мәселе қарызды қайтарған кезде басталады.

Онлайн кредитті алу оңай болғанымен, оны өтеу пайызы тым жоғары. Одан бөлек, біреудің атынан несие рәсімдейтін алаяқтар саны да артуда. Ресми дерекке сүйенсек, биыл интернет және ұялы телефон арқылы жасалатын алаяқтық 139 пайызға артқан. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда екі есе артық. Интернет арқылы жасалатын алаяқтық оқиғалардың көбейіп кетуіне байланысты Үкімет, тиісті мекемелер онлайн кредит мекемелерінің жұмысын ерекше қадағалауға алып, 2021 жылы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі онлайн несие алуға байланысты клиенттерді идентификаттау жөніндегі талаптарды қатаңдатты. Агенттіктің жобасы – Fingramota.kz. порталында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, жаңа талаптарға сәйкес, енді клиентті аутентификаттау үшін мынадай үш тәсілдің біреуін пайдалану міндетті делінген: ұлттық куәландыру орталығы беретін электронды цифрлы қолтаңба; Ұлттық Банкінің Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығының жеке деректерді өңдеу орталығы көрсететін қызметтерді пайдалану арқылы биометриялық идентификаттау және екі факторлы аутентификаттау. Несие алушыны идентификаттамай, микрокредиттер беруге қатаң тыйым салынады.

Қазақстанда ең алғашқы онлайн-несие 2014 жылы рәсімделген. Бүгінде елімізде 2 мыңдай компания онлайн-несие берумен айналысады. Күніне 2 пайыз, жылына 700 пайыз қосады. Пайыздық мөлшерлемені азайтуда депутаттар онлайн-несие нарығын реттейтін заң жобасын талқылады. Халық қалаулылары сыйақының жылдық мөлшерлемесін 100 пайыз көлемінде шектеу және несие бойынша артық төлемнің ең жоғарғы мөлшерін 100 пайыздан асырмау мәселесін қарастырды. Осыған қатысты Мақсат Халық: «Бұл – орташа ставка. Ал кейбір сервистер күніне 2,5 пайыз ұстайды, оны бір жылға шақсаңыз, 900 пайыздан асып кетеді. Бұл – ақылға сыймайтын көрсеткіш. Нарықтың дәл осы саласын шұғыл түрде заңмен реттеу қажет» дейді.

Жалпы еліміздің Азаматтық кодексінде кез келген адам және заңды тұлға қарыз бере алады деп көрсетілген. Бұл бір жағынан қалыпты жағдай болып көрінуі мүмкін. Бірақ оның екінші жағы бар. Мысалы, банктерді, микроқаржы ұйымдарын Ұлттық банк қадағалап, реттей алады, оларға бұл ұйымдар бағынады. Ал Ұлттық банк реттемейтін ұйымдар беретін қарыздың барлық тәуекелін несие алушы өзі көтереді, бұған реттеуші ұйым араласа алмайды. Сондықтан сақ болған жөн. «Реттелмейтін кредиторлардың көбі қарыздарды жоғары мөлшерлемемен ұсынып, шектеулер мен талаптарды сақтамауы мүмкін. Сондықтан келісім-шартпен жақсылап танысу қажет. Қандай қосымша немесе жасырын төлемдер бар екенін міндетті түрде көрген жөн. Кейбір компания қарыз сомасының үштен бір бөлігін құрайтын кредиттің өзін ұйымдастыру үшін ақы алады. Мысалы, берілген 150 мың кредиттен 50 мың теңгені қызметақыға төлеуге тура келеді. Негізі банктік қарыз және микроқаржы ұйымындағы қарыз үшін жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 56 пайыздан аспауы тиіс. Бұл ұзақ мерзімге алынған қарызға қатысты. Егер сіз ақшаны қысқа – 45 күнге дейінгі мерзімге алатын болсаңыз, онда мөлшерлеме айына 30 пайызға дейін жетуі мүмкін. Бұдан басқа мұндай қарыз көлемі 50 ЕАК немесе 145 850 теңге мөлшерінде шектеулі. Қысқа мерзімді онлайн-қарыз бойынша негізгі борыш және пайыз сомасын бірден және толығымен қайтару қажет болатын фактіні де ескеру қажет. Оның үстіне мұны мерзімін өткізбей істеген дұрыс. Олай болмаған жағдайда, айтарлықтай көлемде өсімпұл есептеледі» дейді Fingramota.kz.

Биылдан бастап енгізілген тәртіп бойынша, қарыз түрінде ақша берумен айналысатын барлық компания есептік тіркеуден өтуге міндетті. Сондай-ақ 2021 жылдың наурыз айынан бастап міндетті түрде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы болуы керек. Әрбір клиент осы лицензияны талап еткені жөн. Агенттіктің хабарлауынша, бүгінде 1016 микрокредиттік ұйым есептік тіркеуден өтіп, лицензия алған. Жыл басынан бері олардың саны 181-ге азайған. Ал микронесие алғалы отырған ұйымның тіркеуден өткен-өтпегенін білгіңіз келсе, https://www.gov.kz/memleket/ entities/ardfm сайтынан тексеруге болады.

Мұқтаж адам несие алудан бас тартпайды. Сондықтан оқырманға онлайн-несие алғанда қаперде ұстайтын бірнеше ақыл-кеңесті ұсынамыз. Ең алдымен http://kazfintech.kz/ сайтына кіріп, сіз несие алатын компания kazfintech қауымдастығына кіре ме, жоқ па, соны тексеріп алыңыз. Компанияның сайты, кеңсесі, барлық сұрақтарға жан-жақты жауап беретін қолдау қызметі бар ма, оны да анықтаңыз. Жеке куәлігіңізді бөтен адамдарға бермеңіз. Кей терминалдар несие бергенде адамның түріне мән бермей, тек құжат бойынша рәсімдей береді. Өзі несие алмаса да, сондай алаяқтарға тап болған талай адам тұтынушылар құқығын қорғау қызметіне жүгініп, әуре-сарсаңға салынып жүр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!