Бұрын қарызы 20 айлық есептік көрсеткіштен асатын адамдар шетелге шыға алмайтын. Биыл берешек сомасы өзгерді. Енді 40 АЕК немесе 116 680 теңге және одан көп қарызы бар болса, борышкерлер тізіміне кіреді.
«Шетелге шығуға тыйым салынатын статус ай сайынғы төлемдерден қашып жүрген адамға да беріледі. Бұл жерде мен алиментті меңзеп тұрмын. Егер адам алиментті үш ай және одан көп уақыт төлемесе, ол шетелге шыға алмайды», – деді қаржы министрлігінің баспасөз хатшысы Әлібек Әбділов.
Оның айтуынша, біреудің денсаулығына зиян келтіріп, өтемақыдан жалтарып жүргендер де «қара тізімге» ілінеді. Бұған отбасындағы асыраушының қазасына байланысты келтірілген зиян, мүліктік, моралдық зиянды өтеу де жатады.
Яғни, салық, айыппұл бойынша мемлекетке немесе сотқа жүгінген басқа да адамдарға қарызы бар қазақстандықтар шекарадан әрі аса алмайды.
«Басқа елге жиналған адам өзінің қарызы барын білмеуі мүмкін. Ұшаққа билет сатып алады, рейске тіркеледі, жүгін тапсырып, шекаралық бақылауға келгенде, бір-ақ біледі. Аты-жөні шетелге шығуға тыйым салынған борышкерлер тізіміне енген. Ал елден шығуға тосқауыл болатын берешек қатарына не жатады? Олар салық, алимент, коммуналдық қызмет, шағын несие, басқа да жеке тұлғалар алдындағы борыштар және айыппұл», – деді Әбділов.
Десе де Әбділов қазақстандықтарға өз статусын сот орындаушының ескертуін күтпей-ақ, өз бетінше тексеріп тұруға кеңес берді. Өйткені ұмыт қалған ескі қарыздар да болуы мүмкін.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!