2025 жылға дейінгі су ресурстарын басқару жөніндегі Ұлттық жобаға Сыр өңіріндегі су тапшылығының әсерін төмендету жоспарын енгізуге ұсыныс берілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Қайрат Жансұлтанұлы хабарлады.
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министірлігі жоспарлы шараларды Ұлттық жоба құрамына енгізсе аймақтың экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған жобалар жолға қойылмақ. Жоспар аясында 17 жаңа жоба іске асырылады деп көзделуде. 4 бағыттан тұратын жоспардың бірінші кезеңінде экологиялық сауықтыру мәселесі қамтылса, екінші ретте қосымша су көздерін ұлғайту жұмыстары қолға алынбақ. Қашыртқы суды қайталама пайдалану мен сумен қамтамасыз етуді жақсарту жұмыстары жоспардың үшінші және төртінші кезеңдерінде қамтылған.
Сонымен қатар Көкарал бөгетінің беріктігін қамтамасыз етіп, Сырдария өзенінің арнасын қайта қалпына келтіру, Арал ауданындағы Қамыстыбас және Ақшатау көлдерін суландыру үшін Аманөткел ауылының тұсына су торабын салу жоспарлануда. Жоспарға енген жобалар қатарында су тапшылығын болдырмау мақсатында 2,3 млрд. текше метр болатын қысқы тасқын суларды және егістіктен шыққан суларды жинайтын 6 жобаны іске асыру, дренажды ұңғымаларды қайта жаңғырту мен жаңадан 26 ұңғыма қазу, 67 насос қондырғыларын орнатып, қашыртқы суларды қайта пайдалану жұмыстары бар.