Бұл өзгеріс бірінші кезекте әлеуметтік маңызы бар тауарларға қатысты. Биыл Ұлттық банк инфляция 4-6 пайыз деңгейінде болады деп болжаған еді. Алайда күні кеше ғана Ұлттық статистика бюросы қымбатшылық көрсеткіші аталған дәлізден асып кеткенін мәлім етті. Мәселен, жыл басынан бері азық-түліктің бағасы 7,3%-ға, азық-түліктік емес тауарлар бағасы  4,5 пайызға өскен.

Tickmill халықаралық бро­кер­лік топ сарапшысы Арман Бейсем­баев бұл қым­бат­­шы­­лық­тың басы ғана деп есеп­тей­ді. Айтуын­ша, инфля­ция­лық бол­жам өсе салып, тө­мен­дейтін үде­ріс емес, ол со­зыл­малы мәнге ие. «Жалпы оның 2 түрі бар. Бірі – сұраныс инфляциясы. Екіншісі – ұсыныс инфляциясы. Қазіргі кез­де болып жатқан өзгеріс бұл сұра­ныс инфляциясы емес. Бұл лок­даундар, елдің монетарлық сая­саты мен әлемде болып жат­­қан оқиғалардан туған ұсы­ныс инфляциясы. Халық тарапынан сұраныс жоқ, себебі халықтың табысы өсіп жатқаны шамалы. Алайда бағалар шарықтап барады. Күзге қарай мәселе күрделене түседі деген болжам бар», – деді қаржы сарапшысы.

Арман Бейсембаев биыл бүкіл әлемде осындай жағдай қалыптас­қанын тілге тиек етті. Мысалы, АҚШ-тағы инфляция деңгейі 2 па­йыз­дық дәлізден асып кеткен. Ал жылдың соңына қарай тіпті 8 пайыз деңгейіне жетуі мүмкін. Дәл осындай жағдай Еуропада да қалыптасқан. «Біз әлемдік экономиканың бір бөлігіміз, сондықтан оған тәуелдіміз. Сыртқы нарықта азық -түлік бағасы өсуде, сонымен қатар елдің агроөнеркәсіптік саласында дағдарыс орын алды. Өткен жылы да солай болған. Құрғақшылық, астықтың аз болуына алып келді. Бұл мәселе биыл да шешілген жоқ», – деді Арман Бейсембаев.

Сарапшының болжауынша, күзде бірінші кезекте ет пен әлеу­мет­тік маңызы бар өнімдердің бағасы өседі.

– Күзге қарай ет бағасы қымбаттауы мүмкін. Бұл қуаңшылықтан аймақтағы малдың қырылауына байланысты. Ұн мен нанға қатысты қиындықтар да туындауы мүмкін. Бұған қоса әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасының өсу қарқыны бар. Мен халық арасында дүрбелең туғызғым келмейді, бірақ соған қарамастан осындай жағдай қалып­тасуы әбден мүмкін», – деді қаржы сарапшысы. Мұның алдын алу үшін не істеуге болады? «Үкімет алдын ала шаралар қабылдауы керек еді. Енді кеш, – деді сарапшы Арман Бейсембаев .

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, шілде айында қырық­қабат бағасы 12,6, қызылша – 9,1, пияз – 8,2, күнбағыс майы – 4,2, құс еті – 3, қарақұмық жармасы – 2, 6 пайызға өскен. Сонымен қатар жылқы еті – 2,5, қой еті – 2,4, сиыр еті – 2,2, жұмыртқа 1,3 пайызға қымбаттады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!