Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

KAZINFORM – 18-19 мамырда Шанхайда FIRST Tech Challenge жаһандық робототехника лигасы аясында The CaoLu Cup Teenage Robot Design and Build Invitational Tournament жабық ұлттық чемпионаты өтті. Оған Қытайдың 300-ге жуық мықты роботшылары мен Қазақстаннан шақырылған «Тенгри» командасы қатысты.

Ел намысын Абай облысы Семей қаласындағы №5 Шәкәрім атындағы көпсалалы гимназияның 7-сынып оқушылары: Осман Қуанышбек, Темірлан Абылайхан, Балжан Найманғазина, Нұркен Төлеубек, Нұртөре Мақсатов, Радмир Жеңісбек, Досжан Сәбит және Алан Ермекбаев қорғады.

Команда жаттықтырушысы – Айдос Тұрсынбеков.

Екі күндік байқаудың қорытындысы бойынша қазақстандық оқушылар «Motivate Award» номинациясында жеңіске жетті.

«Біздің оқушылар Қытайдың үздік командаларымен сайысқа түсті. Бұл үлкен тәжірибе алмасу болды. Балалар жас ерекшелігіне және тілдік қиындыққа қарамастан, робот ойынында өте жақсы өнер көрсетті. Шәкірттерімнің табандылығын мақтан тұтамын», – дейді жаттықтырушы.

Естеріңізге сала кетейік, команда Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен USTEM Foundation қоры мен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған Астанада өткен Орталық Азия чемпионатында жоғары нәтиже көрсетіп, чемпионатқа жолдама алған болатын.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!