Пандемия кезіндегі «Үйде болыңыз» деген ұстаным балалар үшін бақытты ұранға айналған еді. Әдетте қарбалас тірліктен қолы босамайтын ата-анасы жанында қалып, бар назар өзіне ауғанда бала көңіл шаттанады ғой, шіркін?! Көпке созылған карантиннің жақсылығы сол, отбасында жылулық, бала жүзінде риясыз қуаныш пайда болды. Әйтпесе соңғы кезде балаға уақытылы көңіл бөлмеудің өзі қоғамның осал тұсы болып көрінетін… Алайда кешегі төтенше жағдай кезінде алаңға шыққан адамдардың қатарында жастардың да болуы бізді бей-жай қалдырмады. Бұл мәселенің бір ұшы қоғам мен отбасындағы бала тәрбиесіне қатысты тәрізді…

Қазақтың бала тәрбиесіне қатысты ғасырлар бойы қалыптасқан қағидалары мен жазылмаған тәртібі бар. Алайда қоғамның жаңа заманға аяқ басуы, өзін-өзі қор санап, жатқа еліктеуі ұлттық құндылықтардың болашағы жоқ деген түсініктің белең алуы бізді көбіне өзге жұрттың тәрбиесіне, шет мемлекеттің тәрбиесіне мұқтаж етіп қойғаны жасырын емес. Қазіргі қоғам «кішкентай» адамнан көп нәрсені күтеді. Бірақ бала құндылығы көп жағдайда ескеріле бермейді. Сонда бала не үшін қажет?

«Келешекте отбасы деген одақтың құрамы өзгереді дейді ғалымдар. Әке мен шеше бір жыныстан құралып, балалардың орнын түрлі жануарлар алмастырады-мыс. Шетелдік блогерлердің бір-бір ит пен мысықтан ұстап алып «Ну-ка, иди к своей маме!» дегендерін көргенде ғалымдардың келешекке қатысты болжамы орындала бастағанын түсінесің. Ит пен мысық әлде бала? Әрине, бала дейсіз ғой. Иә, әрине, бала, егер ол перзент қалаулы болса, одан ата-анасы ешнәрсе күтпесе, ешнәрсе міндеттемесе, сәбиді дүниеге әкелгендегі мақсаты ‒ тек бұл әлемге тағы бір бақытты жан сыйлау болса. Ал егер ата-ананың мақсаты, қартайғанда жалғыз қалмас үшін, бауырына серік болу үшін, бізді асырау үшін, мен жетпеген жетістікке ол жетіп, маған күлгендердің аузына құм құю үшін болса, онда ит пен мысыққа ата-ана болған дұрыс екен». Бұл ‒ психолог, жиһанкез Динара Болаттың «Өмірге шексіз ғашық» кітабынан үзінді.

Анығында қазақы тәрбиеде балаға артылар талап көп, ол жақсы оқу керек, «жұрттың баласы» тәрізді ел алдында жарқ-жұрқ етіп танылып, болмаса ата-ананың орындалмай қалған арманын жалғастырып әкетуі шарт. Осындай түсініктің әсерінен атаның жолын әке, әкенің жолын бала айна-қатесіз жалғап, іштегі «өзін» таба алмай жүргені жасырын емес. Тіпті қазір тренингке жиі барушының көбі кішкентай күнінде ата-анасының «бала» деп бей-жай қарағанының әсерінен бойында сенімсіздік пайда болғанын айтады. Осы орайда кітап авторы, психолог Динара Болатқызына қайта хабарласып, бала құндылығы жөніндегі пікірін білдік.

Динара БОЛАТ, психолог:

‒ Менің ойымша баланы өзі бақытты, өзінің көңіл-күйі тоқ ана дүниеге әкелгені дұрыс, себебі оның мақсаты әлемге, адамзатқа зияны тимейтін пайдалы, білімді, сапалы ұрпақ қалдыру болу керек. Бала өзінің дүниеге келуімен, бізге ана болу бақытын сыйлап, алдын-ала біздің бар жақсылығымызды өтеп қойған. Баладан күтпей үйренейік! Бала бізге мейірленуді, шексіз сүюді, қайтарымын күтпей беруді үйрету үшін үйімізге келген кішкентай ұстаз ғана. Баланы жай ғана жақсы көру жеткіліксіз, оның таңдауын сыйлау қажет. Мемлекетте, қоғамда, айналада болып жатқан мәселелер бойынша жиі пікір алмасып, баланың ойын біліп отырған жөн. Бала ‒ ата-анасының жалғасы емес. Оларды мүлде бөлек мақсаты, көзқарасы, таңдауы бар бар адам деп қабылдап үйренген жөн, − дейді маман.

 Енді қазіргі балалардың жай-күйін сырттай суреттеп көрелікші. Әлсіз ғана балапанды қолыңа құшырлана қысып, қатты жақсы көрсең көп ұзамай жантәсілім етеді. Бүгінгі бүлдіршіндердің жағдайы осы мысалға келіңкірейді, ата-ана баласы үшін бәріне даяр, жанынан артық жақсы көреді. Ол білімді болсын деп үйірменің бірнеше түріне жаздырады, дені сау болсын деп спортқа да береді. Әйтеуір, бала көзін ашқаннан бастап үздіксіз даму алаңындағы өмірге бейімделеді. Ата-ана баланың осы қажеттілігін өтеймін деп қалжыраса, бала бәрін үйренемін деп шаршайды. Соңында бір-біріне көңіл бөлуге екі тараптың да уақыты тапшы. Әкесі мен анасы күн сайын отбасында қуанышпен күтпеген соң бала бойындағы аңғал қасиет біртіндеп азайып, ересек адамша ойланатын «роботқа» айнала бастайды.

Гүлзира Баякенова, №261 мектептің маманы:

– Балалармен жұмыс барысында түсінгенім, ата-анамен бала арасында диалог жоқ, яғни бір-бірімен ашық пікір алмаспайды. Содан көптеген мәселелер туындайды. Мүмкін бір отбасында 4-5 бала болғандықтан ата-ананың қолы тимейтін шығар деп ақтап жатамыз. Кейде бір ғана баласы бар ата-аналар да шағымданып жатады. Бұған не дерімізді де білмейміз. Қоғам болашақта өзіне сенімді, жауапкершілігі бар, өз көзқарасы мен пікірі бар азаматты көргісі келсе, ең алдымен өзінен бастау қажет. Себебі бала айтқанды емес, көргенді қайталайды. Баланың өзіне деген сенімділігін арттыру үшін оның пікірін тыңдау және қолдау қажет. Қандай да бір жағдай орын алса, қателессе қатты сөкпеңіз. Себебі ол үйрену, даму үстінде. Егер балаңызға шахматтан гөрі сурет салу ұнаса баланың қалауына жіберіңіз. Әрине, сіздің ойыңызша шахмат баланың дамуына септігін тигізіп, оның логикалық дамуын тездетеді. Сіздікі дұрыс. Баланың ойлау қабілетінің дамуы қандай да бір сурет салудан пайдалырақ көрінетін шығар, бірақ сіз олай баланың қызығушылығын, жанып тұрған көзіндегі отын сөндіріп алуыңыз мүмкін. Сондықтан баланың бетін қайтарсаңыз, тауы шағылып, тұйықталып, өзіне сенімсіз болып, ендігіде пікірін айтпайтын, ойымен бөліспейтін болады. Отбасынан қолдау таппаған бала оны бөтен ортадан іздейді. Балалық шақта мейірім көрмеген бала есейгенде өз отбасына оны көрсете алмайды. Ғалымдардың айтуынша, күніне 8 рет құшақтасқан ата-ана мен балада стресс тудыратын гормондар азаяды екен. Сондықтан көз қуанышымыз – балаларымыздың болашағы жарқын болсын десеңіз махаббатыңызды, мейіріміңізді, қолдауыңызды аямаңыз, – дейді маман.

Сырттай бақыласаң, бәрі де дұрыс. Ата-ана баласы үшін еңбек етуде, бала өз қатарымен дамуда. Бірақ бір нәрсе орнында емес. Балаға деген махаббат, сәбиге деген мейірім басқа құндылық үшін жұмсалуда. Өзектісі де, өкініштісі де осы. Бәлкім, қоғамға қарсылық танытқан жастардың наразылығына да отбасындағы мейірімнің жетіспеуі әсер еткен болар…

Гүлдана ЖҰМАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!