Суық ұстап, жөтел қысса…

Бүгінде өңір еңбеккерлері жаз бойғы еңбегінің нәтижесін ұсынып келеді. Сенбі сайын өтетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде тұрғындар өнімдерді таласа алуда. Соның ішінде Жаңақорған ауданында дайындалатын жантақ балына сұраныс жоғары.

Жас кәсіпкер Асхат Раисов ұсынған өнім ерекше. Денсаулыққа пайдасы шаш етектен. Індет өршіп, карантин әбігерге салған тұста ол тәуекелге бел буып, өңірде бал орталығын ашқан. Бастамасына «Байқоңыр» ӘКК» АҚ қолдау танытып, нәтижесінде кәсіпкер жаңа заманауи құрылғыларды Польшадан әкелуге мүмкіндік алған. Қазір тәтті бал қаладағы әлеуметтік дүкендерде және шағын маркеттерде сатылымда. Сәні мен сапасы сай, бағасы қолжетімді.

– Жантақ – түйе малының сүйіп жейтін азығы. Сондықтан ауыл тұрғындары өсімдікті гүлдеп, дән байлаған кезде орып, жинап алады. Бұдан бөлек, жантақтан жасалған балдың кез келген дерттен айықтыратын емдік қасиеті бар. Оның іш құрылысы, тыныс алу органдары ауруларын емдеуде және артық тұзды ыдыратуда септігі зор. Суыққа қарсы, ыстық түсіретін, жөтелді басатын көмегі бар. Ақыл-ой қабілетін дамытатынын зерттеушілер дәлелдеген. Себебі, өсімдік құрамында каротин, эфир майлары, гликозидтер, С және К дәрумені кездеседі. Біздің қолға алған өнімнің ерекшелігі, тапсырыс берушілердің көптігі осымен байланысты. Әсіресе коронавирус өршіп, инфекция алқымнан алған тұста жерлестерден сұраныс толастамады. Сол кезде ұзақ ойланбай, іске кіріскеніме қуандым. Бастысы, «Байқоңыр» ӘКК» АҚ тарапынан көрсетілген қолдауға ризамын, – дейді «Қызылорда жантақ балы» орталығының директоры Асхат Раисов.

Бір келі бал үшін 19 миллион гүлге қонады

Балдың дайындалу процесіне зер салатын болсақ, мұнда жаңақорғандық омарташылардың үлесі басым. Олар араның әуелі балды жантақ өсімдігінен алуына мүмкіндік жасайды. Көктем шыға саласымен тоғайлы аймаққа барады. Көбіне шеңгелі мол аумақ таңдалады. Жантақ гүлдеген тұста араларды егістік алқаптарына жіберіп алмау қатаң қадағаланады. Жәндікке қамқорлық таныту маңызды. Өйткені өзіне жасалған қамқорлық арқылы ара қалыпты деңгейде бал жинайды. Осылайша, бал омарташылардың көмегімен Асхат басқаратын «Жантақ балы» орталығына жиналады, мұнда ол сүзгіден өтіп, еуропалық жабдыққа құйылады. Өнім бұған дейін барлық сынақтан сәтті өткен, ЕАЭО сәйкестік сертификаты бар. Дәмі тіл үйіреді және гипоаллергенді.

Жалпы омарта шаруашылығын жүргізіп, бал өндіру үшін араның үш түрі өсірілетін көрінеді. Орыс арасы, карпаттық және украина арасы еліміздің табиғатына бейімделіп, жазы мен қысына үйреніп қалған. Кейіпкеріміз нәтиже болу үшін араға селекциялық жұмыс жүруі тиіс екенін айтты. Бұл сапалы бал алуға септігін тигізеді. Оған қоса жыл сайын өндірілетін 10 мың тоннаға жуық балдың мың тоннасы экспортқа шықса, ол омарташылар үшін үлкен олжа болмақ.

– Ғалымдар бір омартадан ондаған килограмм өнім алынатынын дәлелдеген. Бір келі балға айналатын гүл шырынын жинау үшін жәндік 300 мың шақырым ұшып, сол кезде 19 миллион гүлге қонуы керек. Жұмысшы ара небәрі 30-35 күн өмір сүреді. Бір ғана бал арасы сағатына 6,5 шақырым жылдамдықпен ұшып, бір күнде шамамен 7 мың гүлге қонады. Қорегі – гүл тозаңындағы ақуыз. Дәл ара сияқты шипалы бал жасауға әлемдегі бірде-бір зертхана қауқарсыз. Омарташылар да ара шаруашылығы қарқынды дамыса, 2050 жылға қарай елімізде жыл сайын 1 млн тонна бал өндіріп, 10 млрд АҚШ долларына дейін пайда табуға болатынын айтады, – дейді кәсіпкер.

Балды қалай таңдау керек?

Асхат бал таңдауға қатысты кеңестерімен де бөлісті. Айтуынша, бал елімізде маусым мен қыркүйекте жиналатындықтан оны осы кезде сатып алған дұрыс. Неғұрлым сұйығын таңдау қажет. Қыстыгүні бал құрамы өзгере бастайды. Жаңа жыл қарсаңында қоюланады. Егер қыста сізге сұйық балды ұсынса, онда ол табиғи емес. Балдың тамшысын саусағыңызға тамызғанда дөңгелену керек. Пішімін өзгертетін болса, балға қоспалар қосылған болуы мүмкін. Сонымен қатар балды шайға қосып ішкеннен гөрі аш қарынға жеген пайдалырақ. Себебі қайнаған суда бал құрамындағы пайдалы дәрумендердің барлығы жойылады. Оған қоса ағзаға зиянды оксиметилфурфурол пайда болуы ғажап емес. Кәсіпкермен тілдесу барысында көп нәрсеге қанықтық. Ара өсіріп, бал сату тез баюдың жолы емес екенін түйсіндік. Машақаты көп іс тынымсыз еңбекті қажет етеді. «Бал тәтті болғанмен, бейнеті көп» деп бекер айтылмаса керек.

Мөлдір СНАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!