Нарық заманы қоғамды жаңа арнаға бет бұрғызды. Жансыз дүниеге жан бітіріп креатив ролик дайындайтын мобилографтар бүгінгі қоғамда трендте. Себебі қазіргі заман бейнежазбаға жан бітіре алатын қабілетті және еңбекқор жандардың қызметіне тәуелді. Яғни кәсібін дөңгеленткісі келетіндер мобилографтардың жұмысына  қомақты ақша ұсынуға даярСондықтан 4 жыл оқыған мамандығын мобилографияға алмастырғандардың қатары қалың. Соның бірі – Нұртай Төреахмет.

Сантехникадан смартфонға

Мамандығымды естіген жұрттың біразы таңқалады. Негізі бітірген мамандығым сантехник. Бірақ видеограф саласын таңдадым. Өйткені мамандығыма сәйкес біліктілігім өте төмен. Қолдан келмейтін шаруа десемде болады. Сондықтан әр адам өзінің қабілетіне қарап, жұмыс істеуі керек деп есептеймін. Мектепте оқып жүргенде қай сабақтан нашар баға аламыз, сол пәннен қосымша курстарға қатысып, әлсіз тұсымызды жақсартуға әлек болатын едік. Бірақ қазір керісінше болуы керек екенін түсіндім. Адамның бойында қай қабілет басым болса, соны дамыту керек. Мектеп бітіріп, колледжде оқып жүрген кезімде видео түсіруге, монтажға қызыға бастадым. Сөйтіп тойларды түсіріп, қосымша табыс таптым. Өзімде арнайы құрылғылар болмаған соң студияларға жалданып жұмыс істедім. 2020 жылы карантин басталып, күн көрістің қамымен істеп жүрген тіршілігім тоқтап қалды. Күнделікті ресторанда болатын тойларға шектеу қойылды. Бастапқыда біраз қиналдық. Күнделікті келетін қаржымыз таусылды. Түрлі ойлар келіп, тығырықтан шығудың амалын қарастырдым. Қолымда заманауи iphone. «Телефонды неге кәдеге жаратпасқа?» деген ой келді. Қыран Талапбектың трендте тұрған шағы. Онлайн курсына жазылып, мобилографияны меңгеріп алдым.

Мобилография – мамандық

Заманның талабына сәйкес мобилографияны жаңа мамандық деп қарау керек. Өйткені бұл салаға бет бұрушылар күн санап артып келеді. Оқу орындары секілді мұндада дәрістер болады. Дәріс арқылы маман болып шығады. Бұл саланы толықтай білмеген адамдар видео түсіру мен монтаждау оңай деп ойлайды. Ал шынына келгенде бұл да үлкен шығармашылық жұмыс. Тапсырыс берушімен тіл табысу, оның ойындағыдай етіп ролик жасау – қиынның қиыны. Кейбір кезде адамдар мобилографтарға ақша бергенше, өзіміз түсіріп аламыз деп ойлайды. Бірақ кәсіби түрде айналысқан адамның мәнері мен үйренуші адамның видеоларында жер мен көктей айырмашылық бар Күніне тек 1-2 видео түсіруге болады. Видео түсіретін де арнайы уақыт болады. Кешке видео түсіру қиындық туғызады, ал күндіз тым жарық. Көбіне кәсібін енді бастап, көрілім (охватты) көтеретін адамдарға видео түсіріп берем. Жұмыстың қиындығы, әрине баршылық. Креатив видео түсіру үшін ең алдымен шабыт қажет сосын жоспар керек. Ал онан кейін  идея, оған қандай актер түседі немесе кімді, нені түсіремін деген сұраққа жауап табу маңызды. Сценарий, қандай өлшемде, қанша минут, қандай кадр, анимация, бәрін жазып алу керек. Видеоны түсіргенде мобилограф продюсер, режиссер, стилист болады. Түсірілімде бүкіл саланы білсең жақсы. Ал жарнамалық ролик түсіретін болсаң, 10 секунд болу керек деген сияқты талаптар да бар. Осы 10 секундта роликте 12-13 кадр болуы тиіс. Мұны динамикалы, көз ілеспес жылдамдықпен түсіреді.

Табыс қомақты

Мойындау керек, қазір Қазақстанда мобилографиямен айналысушылар өте көп. Жаңа салаға сұраныс та жоқ емес. Бірақ әркімнің әдісі әртүрлі. Сол үшін әрдайым бәрінен ерекшеленуге, басқалар білмейтін «фишкаларды» бірінші білуге талпынамын. Мен де өзімнің білігімді арттыру мақсатында түрлі әріптестерімнің сабағына қатысып, тәжірибемді молайтамын. Бұрындары таңнан кешке дейін аз қаржыға жұмыс істесем. Ал қазір ай сайын кем дегенде 300 000 теңге ақша табамын. Сосын бір түсінгенім: бір жерде 30-40 жыл тұрақты жұмыс істеп, тәжірибе жинасам, жетістікке жетемін деген ой – қажет емес. Жететін жетістікке ештеңені күтпей, қазір жету керек.

Байқаулар тәжірибені арттырады

Қай саланы алып қарасаң да белгілі бір байқаулары бар. Мысалы, журналистер де шығармашылық, спортшылар да чемпионат деген секілді. Міне сол байқаулар адамның жоғары шыңдалуына әсер етеді. Биыл қала күні мерекесіне орай мобилографтар арасында байқау ұйымдастырылғанда қатты қуандым. Шыны керек, қалалық жастар ресурстық орталығының бастамасын қолдаған әкімдікке ризашылығымды білдіремін. Жаңа әріптестерді көріп, Қыран Талапбектен оффлайн дәріс алдық. Бұл – мобилографтар үшін үлкен тәжірибе алаңы болды. Мереке қарсаңында ұйымдастырылған байқау нәтижесінде бас жүлдені еншіледім. Әріптестерім Дархан Әбілқасым мен Темір Ерсұлтанның да роликтері жоғары бағаланып, жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Ерасыл ШӘРІБЕК