Өзбекстанда туризм саласын стратегиялық деңгейге көтеру үшін жұмыс берушілер өз қызметкерлерін көбірек саяхаттауға ынталандырады. Тиісті шаралар Өзбекстан президентінің «Ішкі туризм қызметтерін әртараптандыру жөніндегі қосымша шаралар туралы» Жарлығында көзделген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жұмыс берушілердің биылғы маусымнан бастап «Өзбекстанда саяхатта!» бағдарламасы аясында ұжымдық шарттарға қызметкерлердің жылына бір рет жергілікті сапарға шығуына мүмкіндіктер жасау ережелерін енгізетін тәртіп белгіленсін; сапар шығындарының бір бөлігі жұмыс берушілердің бюджеттен тыс қаражаты және заңнамада тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен өтеледі», – делінген құжатта.

Сондай-ақ қаулыда әртүрлі жастағы және халықтың әлеуметтік осал топтары үшін туризмнің жекелеген түрлерін қадағалайтын министрліктер мен ведомстволардың тізімі бекітілді.

Осылайша, жастарға арналған тарихи-танымдық, мәдени-сауық, экстремалды, экологиялық, этникалық және жағажай туризмін ұйымдастыруға елдің Жастар істері агенттігі, Жоғары және орта арнаулы білім министрлігі мен Халыққа білім беру министрлігі белгіленген.

«Жауапты ұйымдар жұмыс берушілермен бірлесе отырып, жыл сайын өз аумақтарындағы жұмыскерлердің республика бойынша сапар кестесін бекітуді және жол жүруін жүзеге асыруды қамтамасыз етсін», – делінген қаулыда.

Сонымен қатар, 1 қыркүйектен бастап республикада отандық туристер үшін кэшбэк енгізілді. Елді аралайтын өзбекстандықтарға әуе, теміржол және автобус билеттері құнының 15%-ы, қонақүйде тұру құнының 20%-ы және театрларға, мұражайларға, цирктерге және өнер галереяларына билеттер құнының 50%-ы қайтарылады.