Ішкі істер министрлігі еліміздің барлық өңірінде шетелде тіркелген автомобильдерге қатысты сұрақтар бойынша call-орталықтар ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, Ресей Федерациясынан әкелінген көлік құралдарын пайдалану және тіркеу, сондай-ақ ІІМ есептік деректерінен өз көліктерінің Ресей Федерациясында тіркелгенін тексеру әдістері туралы сұрақтардың өзектілігіне орай, азаматтардың ыңғайы үшін байланыс телефондары құрылды.

Ол телефон нөмірлеріне жүргізушілер қызықтырған сауалдар бойынша жүгіне алады. Call-орталық телефондары сағат 9:00-ден 23:00-ге дейін қоңырау қабылдайды. «Ресейде тіркелген автокөліктердің мәселелері бойынша азаматтар тарапынан өтініштердің көп болуын ескере отырып, ҚР ІІМ сенімді ақпаратты жедел ұсыну үшін ел аумағында call-орталықтар ашты», – делінген министрлік баспасөз қызметінің хабарламасында.