Мақтаарал ауданында төтенше жағдай орын алған тұста полиция майоры Есімжан Надиров көпшілікке үлгі болар әрекетімен танылды.


Тәртіп сақшысының тасқын су ортасында қалған Мемлекеттік туды аса ұқыптылықпен алып шыққан сәті әлеуметтік желіде тарап кеткен болатын. Бір ғана іс әрекетімен замандастарына үлгі болған полиция қызметкері «Рәміздерге деген құрмет, бұл елімізге деген құрмет – деп білемін», дейді. Өткен жылы Өзбекстандағы Сардоба су қоймасында болған апаттан Түркістан облысының Мақтарал ауданын да су басты. Төтенше жағдай кезінде тәртіп сақшылары қылмыстың алдын алуға атсалысып қана қоймай, өзгелерге отансүйгіштік әрекеттерімен үлгі болды. Атап айтар болсақ, полиция майоры Есімжан Надиров суық суды белуардан кешіп, тасқын ортасынан қалған мемлекеттік туды алып шықты. Бұл жағдай әлеуметтік желіде кеңінен таралып, көпшілікті тәнті етті. Желі қолданушылары тарапынан «Полицияда патриоттар ғана қызмет атқарады», «Азаматтық», «Туға деген құрмет» деген пікірлер білдіріліп, жедел әрекет еткен полиция майорына алғыс айтушылар көп болды.


Бүгінде Есімжан Надиров Жетісай АПБ басшысының бірінші орынбасары. Жас болса да, бас бола білген ол 2011 жылы Алматы академиясын бітірген. Еңбек жолын Шымкент қаласындағы әл-Фараби аудандық ішкі істер басқармасында тергеуші болып бастаған. Кейіннен Мақтаарал ауданында тергеуші, анықтаушы, көші-қон бөлімінің басшысы қызметтерін абыроймен атқарды. Тәжірибелі мамандармен қызметтес бола жүріп, біліктігілін арттырып, білімін шыңдады. «Жалпы сол жылы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен Мақтаарал ауданында полиция қызметкерлері күшейтілген тәртіппен қызмет атқарды. Су басқан аймақтан адамдар мен төрт түлікті құтқару қызметін белсенділікпен атқарып, күні-түні қызмет етті. Одан бөлек, тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көмек беру жұмыстарын жүргіздік. Көшелерді аралап жүрген сәтімізде мектеп ауласындағы тудың төмен түсіп тұрғанын көрдім. Астын түгел су басқан. Содан бірден туды қауіпсіз жерге алып шықтым. Бұл сәтте менде ерекше тірлік істеп мақтанайын деген ой болған жоқ. Бала кезімнен «Туы биік елдің – тұғыры биік» деген сөзді естіп өстік. Рәміздерге деген құрмет, сүйіспеншілік бұл елімізге деген құрмет деп білемін», – дейді ол.

Есімжан Надиров бос уақытын спортқа арнайды. Бала кезінде де бокс мектебінде оқыған. Нақтырақ айтсақ, Шымкент қаласындағы Б.Саттарханов атындағы спорт-мектеп интернатының түлегі. С.Қонақбаев және Б.Саттарханов атындағы турнирлерге, Өзбекстан, Қырғызстан жерінде өткен байрақты бәсекелерде мемлекеттік туды желбіретіп, жеңіс тұғырынан көрінген. Қазірде құрдастарымен бірігіп, ауылдан спорт зал ашқан. Онда жастар спортпен шұғылдануда. Есімжан Үсенбекұлы жұбайы Нұргүлмен екі ұлы, бір қызды өсіріп, мерейлі отбасы атанып отыр. «Әрбір азамат көк байрағымыздың бүлінбеуін, биікте асқақтап желбіреп тұруын басты назарда ұстауға міндетті. Бойымыздан ұлттық намыс пен қайсарлықты, ұлттық рухты жоғалтпауымыз керек. Рәміздерге деген құрметіміз арта берсін» – дейді Есімжан Надиров.


 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!