Отан қорғауды өздерінің қасиетті борышы санайтын жастардың кезекті легі әскерге аттанды. Медициналық тексерістен мүдірмей өтіп, сайдың тасындай іріктелген 27 бозбала еліміздің қарулы күштер қатарын толықтырды.

№2019 ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінің әскери бөлімінен «Жастарға патриоттық тәрбие беру және азаматтық белсенділігін арттыруға бағытталған әлеуметтік қызмет жұмысын ұйымдастыру» әлеуметтік жобасы аясында  жастарды әскерге шығарып салу салтанатты шарасы өтті. Шара ҚР мемлекеттік  Әнұранымен басталып, одан әрі  ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің Қызылорда облысы бойынша департамент өкілі, майор Жаңабаев Баубек сөз сөйлеп, әскерге аттанушы жастарды жігерлендірді. Қызылорда қаласынан аттанған 27 жасқа естелік сыйлық табыстап,  рухтандырған «Ай-қанат» жастар қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Ардақ Аукенов әскер өмірі ер балалардың бір баспалдағы екенін жеткізіп, жастарға отан алдындағы борышын аман-есен өтеп келулеріне тілек білдірді.

Бұл күні бозбалаларды шығарып салуға келген ата-аналардың толқынысы ерекше. Бірінің көңілі босап, көзіне жас алса, енді бірі баласының ер жетіп, ел қорғаны болуға жарағанын мақтаныш етіп тұр. Бүгінгі әскер қатарына жіберілген жас сарбаздар шекарашылар шебін толықтырады.