Сәби дүниеге келгенде аппақ парақтай болады, оның қандай болатыны жанындағы адамдарға, берілген тәрбиесіне байланысты. Болашақта балаларымыз үлкен адам, бетке ұстар тұлға болуы үшін не істеу керек?

Мұхаммед Әли «Чемпион жаттығу залдарында пайда болмайды. Адамның ішіндегі құлшыныспен, арманнан, мақсаттан чемпион туады» деген. Сол секілді аппақ парақты тек жақсылыққа толтырып, әрбір баланы армандауға, мақсат қойып, нәтижеге қол жеткізуге талпындыру қажет. Яғни аппақ парағымызға қос қанат керек. Оның бірі – арман болса, екіншісі – мақсат. Ал ақ парақты әрбір адамның  өзегі дер едім. Ешкіммен бөліспейтін, тек өзің үшін қажет өзекті арман мен мақсат қанаттандыратындай. Арман  деген не? Мақсат ше?

«Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» деген сөз бәз біреулер үшін жағымсыз естілуі мүмкін. Шын мәнісінде, бұл сөздің астарында үлкен шырыл бар, үндеу бар. Қанатсыз құс ұша алмайтындай, армансыз да өзіңді биіктен көре алмайтыныңды түсіндіреді.

Ғ.Мұстафин «Арман деген көп белес, біріне шықсаң, бірі бар» деген. Түсінігімше, арман – адамның ұзақ өмір сүруіне себеп. Алға қарай ұмтыла түседі, ұмтылдыра береді. Ал мақсат деген не? Мақсат – сен  қалайтын, орындалса екен деп тілейтін армандарыңа апарар жол. Мақсатың болмаса, армандарың бұлыңғыр бір елестей боп калуы ғажап емес. Осы тұста Альберт Эйнштейннің: «Егер бақытты өмір сүргің келсе, адамдар мен нәрселерге емес, мақсатқа тәуелді болыңыз» деген сөзі ой саларлықтай.

Білесіз бе, арман мен мақсат жайлы бұрын не ойладым, қазір не ойлаймын? Арман – ол уақыт өте келе өзгеріп, құбылып, түрленіп, жаңарып тұратын нәрсе. Сенің ой-санаңмен, біліміңмен бірге құбылып отыратын өзгермелі материя. Мысалы мен, мектеп қабырғасында журналистика мамандығында оқысам деп армандағанмын. Қазір сол арманыммен алға қадам басып келемін. Ал қазір 18 жастағы қыз басқаны арман етеді, басқаны мақсат етеді. Ол қандай арман деген сұрақ туындауы орынды. Ал менің ішкі өзегім ешкіммен бөліскенді қаламайды.

Алға  ұмтылу – өмірдің мақсаты осы емес пе? Өмірдің мәні – мақсатқа жету жолындағы іс-әрекеттің парасаттылығы мен пәрменділігінде, ендеше тұрмыс – тіршіліктің әрбір сәтінде алда үлкен мақсат тұруға тиіс. В.Гюгоның: Кім болам десе, сол болу – ұлы адамның ісі де, қолынан келгені болу – әр адамның ісі екенін ұмытпау керек! Армандай білу керек! Мақсатқа қол жеткізу қажет! Осылардың барлығы болу үшін Хакім Абайдың мына бір өлең жолдары қару болады деп ойлаймын.

Қайғы келсе, қарсы тұр, құлай

берме.

Қызық келсе, қызықпа, оңғаққа

 ерме.

Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде,

Сонан тапқан – шын асыл, тастай

көрме.

Адина ҰЗАҚБАЕВА,

ҚМУ-ДЫҢ IV КУРС СТУДЕНТІ