Фото: El.kz
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Жастар» мемлекеттік сыйлығының иегері Назгүл Бердіқожаның «Наз» атты тұңғыш жыр жинағының тұсаукесері өтті.
Алғашқы кітабына ақынның көңіл күй, махаббат лирикалары мен туған жерге деген сағынышынан туған өлеңдері топтастырылған. Аз сөзге көп мағына сыйғыза білген ақын өлеңдері оқырманын бейжай қалдырған емес. Кітап сезім мен сырға суарылған жырға шөлдеген өлеңсүйер қауымға арналған.
Назгүлдің талай жыр додаларында топ жарып жүрген ақын екені оқырманға жақсы таныс. Ол Халықаралық Шабыт шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты, Т.Ізтілеуовке арналған жыр мүшәйрасының бас жүлдегері. Республикалық «Өлең мен сені аялап өтем» атты Фариза Оңғарсыноваға арналған жыр мүшәйрасының бас жүлдегері. Республикалық Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімединовке арналған жыр мүшәйрасының бас жүлдегері.
Қазақ эстрадасындағы талай танымал әндерге сөз жазған ақынның шығармашылық кешіне әнші, сазгер Роза Әлқожа, әнші Ақбота Керімбекова, жас жыршылар Күнсұлу Түркпен мен Әлихан Дүйсенбай сынды танымал өнер иелері қонақ ретінде қатысты. Кешті ақын Дәулеткерей Кәпұлы жүргізді.
Сондай-ақ Айгүл Кемелбаева, Роза Әлқожа, Ақбота Керімбекова, Бауыржан Қарағызұлы, Гүлмира Әшірбекова, Майра Сәрсенбаева сынды ел алдында жүрген ғалымдар, ақын-жазушылар, әнші-өнерпаздар қатысты
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!