Бүгін аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова генерал Хон Бом Доның сүйегін Корей тарапына табыстау рәсімінен кейін облыстық мекемелер үйінде Корея Республикасы делегациясы өкілдерімен кездесті.

Кездесуде қос тарап өзара байланысты дамытуға бағытталған маңызды мәселелерді талқыға салды. Облыс әкімі Корея делегациясының сапары екі ел арасындағы достық қарым-қатынастардың айқын көрсеткіші екенін айтып, табысты және жемісті жобалар жүзеге асырылатынына сенім білдірді.

«Қасиетті Сыр еліне қош келдіңіздер! Бүгінгі кездесу – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының 2021 жылғы 17 тамыздағы Корея Республикасына мемлекеттік сапарымен тікелей байланысты. Президенттің мемлекеттік сапары аясында генерал Хон Бом Доның сүйегін табыстау рәсімін өтетін болады. Бұл сапар екі ел арасындағы экономикалық, мәдени-гуманитарлық, туристік байланыстарды одан әрі нығайтуға оң ықпал жасайды деп сенеміз. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу қарсаңында тарихи сипатқа ие болады», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Қазақстан мен Корея Республикасы 1992 жылдан бастап дипломатиялық қарым-қатынаста. Жүргізілген талдау нәтижелері Корей елінен негізінен автокөліктер, медициналық құрал-жабдықтар, косметикалық тауарлар импортталатынын байқатты.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мемлекеттік сапары аясында ынтымақтастық бағытында бірқатар бірлескен жобалар жүзеге асырылу жоспарлануда. Оның ішінде Қызылорда облысының әкімдігі тарапынан Сыр елінің бренді саналатын күріш дақылын суды үнемдеп өсіру үшін ақылды технологиялар, тамшылатып суару технологияларын қолдану, білім, денсаулық сақтау салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейту, туризм саласын дамыту және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағытында ұсыныстар айтылды.

Аймақ басшысы Қызылорда облысының әкімдігі инвесторларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуге дайын екенін жеткізіп, алдағы уақытта екі жақты тиімді байланыс орнатуға мүдделі екенін тілге тиек етті.

Корея Республикасының патриоттар және ардагерлер жөніндегі министрі Хван Ги Чхоль екіжақты ынтымақтастықты орнатуда Корея мемлекеті тарапынан қолдау көрсетілетінін айтып, кездесу үшін алғысын білдірді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!