Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен алқа отырысы өтті.

Жиынға салалық басқарма басшылары мен селекторлық режимде Қызылорда қаласы және аудан әкімдері қатысты. Күн тәртібінде білім беру объектілерінің 2021-2022 жаңа оқу жылына дайындығы қаралды. Атқарылған жұмыстар туралы облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова мен облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Бердияр Пірімбетов баяндады.

Алдымен Ақзира Қасымова облыстағы білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарына тоқталды. Оқу жылында 294 мемлекеттік және 10 жеке мектепте 177 196 оқушы білім алады. Оның ішінде 1 сыныпқа барлығы 18 276 оқушы қабылданды. Барлық мектептер жұмысын оффлайн форматта бастайды. Оқушылардың шоғырлануын болдырмау үшін үзілістерді әртүрлі уақытта өткізу, білім алушылар мен қызметкерлер арасында маска тағу режимін сақтау, «бір сынып бір кабинет» қағидаты қатаң сақталатын болады. Қазіргі таңда 304 мектеп пен 670 мектепке дейінгі ұйым, 30 колледж, «ASHYQ» қосымшасына толық қосылған. Оқушылар арасында қарым-қатынасты шектеу мақсатында негізгі пәндерді дәстүрлі түрде оқытса, қалған пәндер жылжымалы кесте арқылы оқытылады.

Облыстық білім басқармасы басшысы аймақта барлық мектептер бейнебақылау жүйесімен 100% қамтылғанын тілге тиек етіп, білім беру ұйымдарының жылу беру маусымына дайындығы 95% құрап отырғанын айтты. Тамыз айының соңына дейін бұл бағыттағы жұмыстар толығымен аяқталады деп жоспарлануда. Жалпы облыстағы 30 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 19 775 студент білім алуда. Оқу орындарында санитарлық талаптар сақталу барысы бақылауда.

Жиында білім беру нысандарының құрылыс мәселесі де сөз болды. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Бердияр Пірімбетов негізгі жұмыстарды тізбектеді. Басқарма басшысының айтуынша, облыс бойынша 13 білім беру нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 7 мектеп, 2 қосымша құрылыс, 1 лагерь, 1 білім беру орталығы, 1 оқушылар үйі, 1 балабақша бар. Бүгінге дейін «Арал ауданы, Сексеуіл кентіндегі 300 орындық мектеп құрылысы» нысанының құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, пайдалануға қабылданды. Жылдың аяғына дейін 7 білім беру нысанның құрылысын аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда. Ал, қалған 5 нысан 2022 жылда аяқталады.

Аймақ басшысы жаңа оқу жылының дайындығы мен білім ұйымдарының құрылысына қатысты бірқатар тапсырма берді.

«Білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығын уақытылы және сапалы жүргізіп, санитарлық құралдарымен жеткілікті көлемде қамтамасыз етуді қатаң бақылауға алыңыздар. Ата-аналар арасында вакцинацияның маңыздылығы туралы түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Арал ауданы Тоқабай ауылындағы апатты мектеп мәселесін жедел шешу жолын қарастырыңыздар. Жаңа оқу жылында оқушылардың білім алуына барлық жағдай жасалуға керек. Жыл соңына дейін пайдалануға берілу тиіс білім нысандарының құрылысын уақытылы аяқтау міндеттеледі. Аталған жұмыстардың орындалуын бақылауды және үйлестіруді Балжан Шәменоваға тапсырамын», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.