Қызылордадағы «Grand Plaza» қонақ үйінде «Өзіңе сене баста!» атты мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлердің өнімдері қойылған облыстық көрме-байқау өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменова қатысып, ағаш, тоқыма, сурет, тағам және басқа да өнімдер ұсынылған көрмемен танысты. Мақсат – ерекше жандардың өнімдері мен қызметтерін халық арасында насихаттау, кәсібінің өркендеуіне жәрдемдесу, өзге де кәсіпкерлікке ынталы жандарға серпін беру.

– Жұмыспен қамту – кез келген мемлекет үшін қашанда өзекті мәселелердің бірі. Ал азаматтарды жұмыспен қамтудың баламасы – кәсіпкерлік. Өңірде мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерді қолдау әрі олардың дамуына жол ашу мақсатында «Бизнеске арналған үкімет» бірыңғай сервис орталығынан кезексіз қызмет алу қарастырылған. Сондай-ақ, мүгедектерге арналған оңалту орталығында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кедергісіз орта қалыптастыру мақсатында еліміздегі алғашқы модельдік пәтер ашылды. Кәсіпкерлікті дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында қолдау шаралары жалғасын табатын болады. Бүгінгі байқау сіздердің қайсарлықтарыңызды, рухы мықты, өмірге құштар жан екендеріңізді білдіреді, – деді облыс әкімінің орынбасары.