Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,

Сырдария аудандық мәслихатының депутаты,

Jas Otan ЖҚ бөлімше басшысы:

Түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген белсенді жас көп. Тәуелсіздіктің қарлығаштары азат елдің әлеуметтік-эконо­микалық, рухани-мәдени дамуына хал-қадірінше үлесін қосып келеді. Сондай жалынды жастардың бірі – Сырдария ауда­нының тумасы Ақтөре Ибрагимұлы. 80 жылдан астам тарихы бар Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы қызметін атқаратын ол Қызылорда облысы әкі­мінің «Сыр үміті» жастар сыйлығының, «Ғани Мұратбаев» төс­белгісінің иегері, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

– “Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз”. Бұл азат елдің негізін қалаған Елбасының қанатты сөзі. Мұнан асырып ештеңе айта алмасымыз анық. Тек сол құндылықтың мәнін тереңнен ұғып, 30 жылдық белесті абыроймен еңсеріп жатқан еліміздің өркендеуіне үлес қосуымыз қажет. Ол үшін білім алып, ғылым меңгеріп, белгілі бір саланың білікті маманы атануға барымызды салуға тиіспіз. Өйткені қазір білімнің заманы. Қай ел көп біледі, сол елдің абыройы асқақ болады. Сондықтан Тәуелсіздік сыйлаған мүмкіндікті тиімді пайдаланып, бос уақытымызды оқуға, тәжірибе жинақтауға, аға буынның абыройлы жолын жалғастыруға арнағанымыз жөн, – дейді Jas Otan ЖҚ Сырдария аудандық бөлімшесінің басшысы.

Жалынды жас праймеризде сайлаушылардың жоғары дауысына ие болды. Ол саяси науқандағы жетістігін адал еңбекпен және жастық жалынмен байланыстырады.

– Тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет ашық әрі барлық демократиялық талаптар сақтала отырып ұйымдастырылған праймериз үміткерлердің бәріне тең мүмкіндік берді. Кім халықтың сеніміне ие, сол жеңіске жетті. Жетістігімді халықтың қолдауымен, сенімімен және сол қолдау мен сенімге жетелеген еңбегіммен, жастық жалыныммен байланыстырамын. Жалпы, мен «Отызға дейін» деген принципті ұстанамын. Адам отыз жасқа дейін жетістіктерді бағындырып, өмірден өз орнын таппаса, бәрі бекер. Отыз елдің қатарына қосылу идеясының да мәні осында. Саяси науқанға қатысып, бағымды сынаудағы басты мақсатым – халық пен билік арасына дәнекер болу. Бүгінде депутаттық қызметіміздің алғашқы жартыжылдығы қорытындылады. Атқарған жұмысымыздың бағасын халық береді деп ойлаймын, – дейді аудандық мәслихаттың депутаты.

Нарық заманы жастардан бірнеше жерде жұмыс істеуді талап етеді. Жастар бос уақытын бекер өткізбеуі қажет. А.Ибрагимұлы негізгі қызметінен бөлек «Сырдария – Ақпарат 2050» қоғамдық бірлестігінің төрағасы ретінде ұйым жұмысын үйлестіріп келеді. Атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі азаматтармен, жастармен спорттық, мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастыруда. Аудандық мәслихаттың ең жас депутаты ретінде тұрақты комиссия отырыстары мен сессияларда тұрғындардың ұсыныс-пікірін жергілікті атқарушы органға жеткізіп, мәселелердің шешілуіне ұсыныс енгізуде. Ал «Jas Otan» ЖҚ аудандық бөлімшесінің басшысы ретінде партияның жобаларын, жоспарларын іске асыруға атсалысады. Сондай-ақ шығармашылығын ұмыт қалдырмай, облыстық жазба ақындар мүшәйрасына қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр.