Қызылорда облысында Жаңа жыл мерекесінде яғни, 1-2 қаңтар күндері 146 сәби дүниеге келді. Оның 74-і – ұл, 72-і қыз бала. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің апараттық алаңында облыстық денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Бибізада Дүйсенбаева мәлімдеді.

«146 нәрестенің 57-і аудандардағы перзентханаларда дүниеге келді. Барлық бала мен ананың жағдайы жақсы. Дәрігерлердің бақылауында. Сәбилерге ата–аналары тарихи тұлғалар, қоғам қайраткерлері мен танымал адамдардың есімдерін қойған. Қыз балалар арасында көркемділік, сұлулық пен нәзіктікті сипаттайтын Айкөркем, Айзере, Зере, Аида, Айша-Бибі есімдері берілген. Ал ұл балаларға Абай, Мансұр, Бейбарыс немесе Ислам есімдерін қойды», – деді Бибізада Әшімқызы.

Айта кетейік, облыста желтоқсанның 31-і сағат 08:00-ден 1 қаңтар сағат 08:00-ге дейін барлығы 68 нәресте дүние есігін ашты. 68 сәбидің 35-і ұл, 33-і қыз бала. Оның ішіне желтоқсанның 31-нен қаңтардың 1-не қараған түні 13 сәби дүниеге келді.

Жалпы, аймақта өткен жылы демографиялық дамуында бала туу көрсеткіші оң динамикасын көрсетіп, 12,1% құрап отыр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!