Қызылорда қаласында бір мезетте 1500 адам намаз оқи алатын «Нұр» мешіті ашылды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Алла үйінің ашылуына қатысып, жаңа мешіттің ел игілігіне берілуімен құттықтады. Демеуші азаматтарға барша халық атынан алғыс білдіріп, имамға Құран Кәрім кітабын сыйға тартты.

«Мешіт – мұсылман қауымның Жаратушы Иемізге кіршіксіз құлшылық жасап, шынайы тәубеге келетін, жабырқаған жанына жұбаныш табатын, арман-тілегін Аллаға ақтарып, дұға тілейтін мінәжат үйі. Мешіт – діни дүниетанымын арттырып, рухани білімін дамытып, тәлім аламын дегендер үшін тәрбие ордасы.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім жер бетінде Алланың үйін салуға атсалысса, Алла Тағала ол кісіге жұмақтан орын дайындайды» деген. Құран Кәрімде: «Алла Тағаланың мешіттерін тек Аллаға және ақырет күніне иман еткен, намаз оқыған, зекетін берген және Алладан басқа ешкімнен қорықпайтындар ғана салады» («Тәубә» сүресі, 18-аят) делінген. Хақ Тағала игі іске үлес қосқан барша азаматтарға разы болсын» деді.

Салтанатты іс-шарадан кейін Бас мүфти жиналған жамағатқа уағыз айтып, жұма намазын жүргізді. Намаздан кейін Құран оқылып, дұға жасалды.

Жаңа мешітте намаз залдарынан бөлек дәріс сыныптары, Құран оқыту, неке қидыру және конференция залы бар. Ерекше сәулетпен салынған құлшылық үйі жергілікті жамағат пен демеуші азаматтардың көмегімен тұрғызылды.