Қармақшы ауданындағы Ш. Төлепова атындағы мәдениет үйінде үш дүркін «Алтын домбыра» иегері «Айтыстың ақтаңгері» атанған Ниязов Мұхтар Мәуленұлымен барлық карантин талаптарын сақтай отырып кездесу өтті.

«Сырдың сырбаз ақыны» атты кездесу кешінде ақын иемденген «Алтын домбыра» киелі сахна төріне орналастырылып, жас айтыскер ақын Сырым Әділбеков өзінің арнауын тарту кетті.Тағылымды шарада сөз тізгінін ең алдымен Қармақшы ауданының әкімі Мұса Қалдарбеков алып, мерейлі жеңісімен құттықтап, ізгі лебізін білдірді.«Өзіңіз ғасырлар бойы атадан балаға мұра болған асыл қазынамыз дәстүрлі айтыс өнерінің алтын жібін жалғап, талантты өнер қайраткері ретінде өскелең ұрпаққа үлгі болып келесіз. Дәстүрлі додаларда бәйге төрінен көрініп, «Айтыстың ақтаңгері» атандыңыз. Қазақта мұндай атақты халық Сүйінбай мен Жамбылдан бері Нартай мен Манаптарға, кешегі өткен Маханбетқалиларға ғана меншіктеген.Өлкеміздегі ұлттық өнерді асқақтату жолындағы ерекше үлесіңіз үшін алғысымды білдіремін,- деді аудан басшысы Мұса Оспанұлы. Сонымен бірге дәстүрімізге сай ақынның иығына шапан жауып, арнайы алғыс хатын табыстап, сый – сияпат көрсетті.2020 жылы аудан әкімдігінің қолдауымен Көшеней Рүстембеков атындағы Жыраулар үйінің жанынан «Тұрмағамбет ақын» ақындар үйірмесі ашылған болатын. Кеште шайырлар мен сүлейлердің сар жолын жалғастырып, төл өнерге қадам басып жатқан жас ақындар Смайлұлы Бекқанат пен Жаулыбаева Қаламқастың айтысымен жалғасты.Сонымен қатар көмейінен бал тамған, қасиетті Қармақшы топырағының жас жыршы термешілері Бүркітбай Ақсұңқар, Өтегенов Руслан, Бақытова Тоғжан жырдан шашу шашты.Ұлттық құндылығымызды дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған шарада Мұхтар ақын жас ұрпаққа елін, жерін сүйюді, ұлттық құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап, насихаттау жолында аянбай тер төгуге шақырды.Кездесу соңы Айгерім Ешбаеваның орындауындағы Сәнтөре Пірмановтың «Қасиетті Қармақшы» термесімен қорытындыланып, айтыстың ақтаңгері атанған Мұхтар Мәуленұлына ардақты ардагерлеріміз ақ батасын берді.