Бүгінде конго-қырымдық геморрагиялық безгек ауруының алдын алу мен «МӘМС жүйесінде азаматтарды өзектендіру және медициналық қызмет сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету – күн тәртібіндегі мәселенің бірі. Осыған орай «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы жанындағы «Ұлт денсаулығы» мәселелері жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңес отырысы өтті.

Сыр өңірі – конго-қырым қанды безгегінің табиғи ошағы. Жыл басынан бері 298 адам кене шағумен тіркеліп, 18 адам ауруханаға жатқызылды. «Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы болжамымен» тіркелген 18 жағдайдың 12-і расталған. Осыған байланысты жыл сайын облыстық бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, облыс аумағындағы кенелерден «қолайсыз» аймақ болып танылған елді мекендерде көктем және күзгі мезгілдерде дәрілеу, залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сүйенсек, өңірде конго-қырым геморрагиялық қызбасының қоздырғыштары болып табылатын кенелерден «қолайсыз» ретінде 113 елді мекен анықталған. Көктемгі залалсыздандыру жұмыстарына облыстық ветеринария басқармасының ұсынысымен дизицип ерітіндісі қолданылған. Ал күзгі жұмыстар 23 тамыз бен 20 қазан аралығына жоспарланды. Бұл туралы облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Әлиев мәлімдеді.

Кездесу барысында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ облыс бойынша филиал директоры Бақыт Исмаханбетов арнайы презентация арқылы атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. Ол жергілікті тұрғындар арасында МӘМС жүйесін әлі де насихаттау қажеттігін баса айтты.

Жиын соңында қоғамдық кеңес отырысына ұсынылған барлық мәселе қаралып, кеңес мүшелері тарапынан ұсыныстар айтылды