Әйгілі неміс ойшылы Артур Шопенгауэр «Газет – тарихтың секундтық стрелкасы» деген болатын. Одан бері де үш ғасыр сырғып өте шықты. Ал, баспасөздің ел өміріндегі алатын орны жайлы сөз болғанда Ахмет Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген тоқтамын тағы да бір қайталауға тура келеді. Әріден орағытып отырғандағы айтпағым, жалпы, «Сыр медиа» ЖШС құрылғалы аймақтағы баспасөз мәселесі бір жолға түсті деуге болады. Ұлт ардақтысы айтқан сөздің үдесінен шыға білген, дәл осы медиа серіктестіктің бір қанаты іспетті қияға құлаш сермеп келе жатқан жас газет – «Ақмешіт жастарының» тұрақты оқырманы ретінде айтарым, жас та болса бұл басылымның өскелең ұрпақ тәрбиесіне, жастардың көкжиегін жан-жақты кеңейтуге қосып жүрген үлесі зор. Қоғамдағы барлық мәселелерге үн қоса білетін бұл жаңашыл газет аз ғана уақыт ішінде өз позициясын айқындап, бүгінде жастардың сүйікті басылымына айналды. Мен жұмыс атқаратын «Өркениет» медицина колледжі үшін де бұл газеттің орны ерекше.

Өйткені баспасөз халықты рухани жағынан байыта отырып, үзіліп қалған байланыстарды жалғайтын, сондай-ақ ел мен елдің арасындағы достық қарым-қатынасты орнатудың кепілі әрі жаршысы екені сөзсіз. Оны бүгінгі дамыған ғаламтор желісімен салыстыра алмаймыз. Себебі, ғаламторда ұлттық немесе этикалық сүзгінің болмайтыны ақиқат. Осы тұрғыда бұл газеттің көтерген жүгі, көздеген мақсаты осал емес деуге болады. Ендеше «Ақмешіт жастарының» тарих беттерінде алтын әріппен жазылып қалатын жақсылықтардың, игілікті істердің жаршысы бола беруіне тілектеспін.

Нұрсұлтан Қайназаров,

«Өркениет» медицина колледжі

директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!