Биылғы жыл – еліміз үшін ерекше жыл. Қас-қағым уақыт тәрізді, тәу еткен тәуелсіздігімізге – 30 жыл, тәуелсіздіктің бастауы болған Желтоқсан оқиғасына – 35 жыл.

Елімізге тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ. Біз оған ызғарлы Желтоқсанда бодандыққа қарсы бұлқынған намысшыл жастардың арқасында қол жеткіздік. Қазақстанның еркіндігі мен бостандығы жолында бастарын бәйгеге тіккен қанды желтоқсан оқиғасының қатысушыларының ерліктері уақыт өткен сайын жадымызда жаңғыраратын болады. Олардың сол қаһарлы күндердегі қайсар ерліктері бүгінгі жастар үшін үлгі-өнеге.
Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев пен аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап 1986 жылы атойлап алаңға шыққан Желтоқсан қаһармандарымен кездесті.

Басқосуда аудан басшысы желтоқсан оқиғасының тәуелсіздікке жету жолындағы маңызы менел тәуелсіздігін алуға деген бетбұрыстың жасалуына тигізген ықпалы жайында сөз қозғады. Сондықтан да Желтоқсан оқиғасы Қазақстанның тәуелсіздікке жасаған алғашқы қадамы, тәуелсіздіктің бастауы ретінде бағаланатынын тілге тиек етті.

Кездесуде желтоқсан оқиғасына қатысушы жерлесіміз Ұлбосын Алматова ауданда желтоқсаншылардың қоғамдық ұйымы құрылғанын айтып, оның төрағалығына Шарападин Кенжебаев ұсынылғанын жеткізді. Өз кезегінде Шарападин Кенжебаев сенім білдіріп отырған азаматтарға алғысын айтып, алдағы уақытта бірлесіп атқаратын жұмыстар көп екендігін жеткізді.

Кездесуде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов та сөз сөйлеп, ізгі тілектерін білдірді.
Басқосу соңында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Желтоқсан оқиғасының қатысушыларын «Алғыс хатпен» марапаттап, сый-құрмет көрсетті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!