Тасбөгет кентінде жүз жыл сақталған бесік бар деген жаңалық бізге де жеткеннен кейін, құнды жәдігерді көруге асықтық. Үй иесі Ахметжан Аманов бізге ата-бабасынан қалған, осы уақытқа дейін қаншама сәби тербелген бесікті көрсетті. Ұсыныс болса, мұражайға тапсыратынын да жасырмады.

– Әжем ырымдап, бұл бесікті тығып қо­йып жүрді. Бастапқыда көрші-көлем сұрап алып кететін. Сосын сәби сүйе алмаған от­басылар келіп, ырымдап жүретін. Әкемнің өзі 1925 жылы дүниеге келген. Байқасам, бе­сікті әулетімізден төрт ұрпақ пайдаланған. Қа­зақта бесік әкелу ырымы бар ғой, келіннің төркіні, яғни ата-анасы бесік алып келеді. “Ата­сының бесігіне жатады” деп жоғарыдан түсіріп, бір жұмадан кейін қайта орап, алып қоямыз. Артынан ерер ұрпақ көп болсын дейміз. Шүкір, Алла берерін тоқтатқан емес. Еш жері сынбасын, бүлінбесін деп сақтап келеміз. Аты-жөнімізді жазып, музейге тап­сыруға қарсылығымыз жоқ. Ел көрсін, қара­сын, бесіктің құндылығын білсін, – дейді Ахметжан Аманов.

Қазақ үшін бесіктен киелі, бесіктен құн­ды нәрсе жоқ. Бесіктің біз үшін қасиеті ерекше. Тіпті бесікті ашық қалдырмай, қастерлеп жүретініміз де содан. Ата-бабамыз ас қайырғанда айтатын “бесігің тарылмасын, бесігің тербелсін” деген сөздің де өзіндік мағынасы бар.

– Бұл бесік ұрпақтан-ұрпаққа сақталып ке­ле жатыр. Аталарымыз келіндері бала кө­тере алмаған соң арнайы  жасаған екен. Осы бесіктен соң ұрпақтары ке­ңейіп, егізден босанып, бізге жетті. Жол­дасымның әкесінің өзі осы бесікте жатқан екен. Содан бері қарай есептесек, 107 жыл болған. Енем: “Сенің күйеуің жатқан бесік” деп айтып отыратын. Ерекше ықылас танытып, сақтап отырмыз. Көріп тұрғандарыңыздай, сырлап қойдық. Ұл-қыздарым тербелген бесік қой. Соның арқасы ма, әлде тылсым күш пе, ата-бабамыздың бізге берген ба­тасы болар, өсіп-өніп, ұрпақ тәрбиелеп отыр­ған отбасымыз десек артық болмайды. Не­ме­релерімізді бағып, бесік тербетіп, әже бо­лған жайымыз бар, – дейді Бибігүл Мар­атова.

Биыл Ахметжан Аманов пен Бибігүл Маратованың отасқандарына – 32 жыл. Бү­гінде 3 ұл, 4 немересі бар. 2017 жылы “Ме­рейлі отбасы” байқауында “Өнегелі от­ба­­сы” номинациясымен марапатталған.

Мөлдір САБЫРЖАН