Қажет кезде әр адам сапарлауға дайын. Темір тұлпарын сақадай сайлап, алыс жолға тартып отырады. Алайда елдегі автожолдың машақаты жауын-шашынды, қарлы-боранды күні қиын.

Ойдым-ойдым шұңқыры көп жол діңкелетіп ғана қоймайды. Одан бөлек осындай жолда жүйткитін үлкен жүк көліктерінің әрекеті бір Аллаға сыйынып, діттеген жерге аман жетуге асық­тыра­ды.
Мәселен, «Жезқазған – Қызылорда» көлік жолы жайлы айтыла қалса, жүргізушілердің жабырқау көңілін бірден байқайсың. Қыста бұл маңды қалың қар басады. Көктем мен жазда асфальттың ойылған бөлігі суға толса, біресе ми батпағы шығады. Ал қолайсыз ауа-райында діттеген жерді біреу «көшіріп алып кеткендей» күй кешетініңіз жасырын емес.
– Қыста бұл бағытпен жүру қауіпті. Жол бойында кэмпинг, елді мекен жоқ. Біз секілді жалғыз жарым сапарға шығатын жолаушыларға тіптен қатер төндіреді. Бірақ амал жоқ. Отбасын асырау үшін осындай қиындыққа шыдап келеміз, – дейді жүргізушілер.
Деректерді парақтасақ, маңызды мәселеге байланысты «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК ҚОФ директоры Айбол Бидайбеков былай жауап берген.
– «Жезқазған-Қызылорда» автожолын қайта қалыпқа келтіру үкіметте талқыланды. Өз тарапымыздан геологиялық барлау, жер бедерін өлшеуді жүргіздік. Қазір жобалық-сметалық құжаттарды дайындау үстіндеміз. Құжатты тапсырғаннан кейін Үкімет біздің жобамызға қаражат бөледі. Жолаушыларды алаңдататын тағы бір мәселе – бұдан былай, жол сапасы жіті бақылауға алынатын болады. Оны «Ұлттық жол активтері» сапасы орталығы филиалының қызметкерлері тексеріп, авторлық және техникалық қадағалау жүргізеді. Мердігерлердің міндетінен ақау табылса, оны қайта жасап шығады. Ал жөнделген жолдың кепілдік мерзімі 2-5 жылға дейін, – дейді ол.
Сондай-ақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ұсынған мәліметті сөйлетсек. Биыл жол-құрылыс жұмыстарымен 11,2 мың шақырым қамтылған, оның ішінде республикалық желі бойынша 7 мың шақырым. «Алматы – Қарағанды», «Ақтөбе – Қандыағаш – Мақат» және «Талдықорған – Өскемен» сияқты магистральдық маршруттарда басталған реконструк­циялаудың сапалы жүргізіліп, уақытылы аяқталуы ерекше бақылауда. «Орталық – Оңтүстік», «Ақтөбе – Атырау – Астрахань», «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен», «Ұзынағаш – Отар», «Үшарал – Достық», «Қостанай – Денисовка» жобалары аясында республикалық маңызы бар жолдар толық ауқымды жұмыстармен қамтылып отыр. Жақында Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен үкіметтің кезекті отырысында да еліміздегі автожол саласын дамыту мәселелері қаралған болатын. Алқалы жиында Үкімет басшысы еліміздің жол-көлік қатынасын дамыту үшін соңғы жылдары ауқымды жұмыс жүргізілгенін атап өтті. Мұнда «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің құрылысы іске асырылғаны, екі мың шақырымнан астам жол ақылы жүйеге көшіріліп, жол инфрақұрылымы өзін-өзі қамтамасыз ете алатын деңгейге жеткені айтылды. Әйтсе де премьер-министрдің айтуынша, ақылы жүйеге ауысып жатқан жолдың жағдайына қатысты халық тарапынан әртүрлі шағым айтылуда. Осыған орай «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясына жолдарды күтіп ұстау сапасы мен қауіпсіздігі бойынша жұмысты күшейту тапсырылды. Қалай десек те, жол сапасына жөндеу және оны салу мерзіміне қатысты білікті кадрлардың тапшылығы, жаңа құрылыс материалдары мен заманауи технологиялардың аз қолданылуы әсер етеді. Қуанатын күн алыс емес. Бұлай дейтініміз, қазір жол сапасын қамтамасыз ету үшін мыңнан астам нормативтік-құқықтық акті қайта өңделіп жатыр. Оның үстіне Президент әкімдердің рейтингі жол сапасы бойынша анықталатынын айтты.
Десек те тағы бір түйін бар. Ол – жылдамдықты асыру мен жауапсыздықтан туындайтын жол апаты. Жоғарыда айтқанымыздай, жүргізушілер екі күннің бірінде күре жол үстіндегі қайғылы оқиғадан талай жанның тағдыры үзіліп, талайы ауыр жарақатынан айығып кете алмайтынына куә болғанын жеткізеді. Бір ғана мысал, жаз айында «Самара – Шымкент» тасжолы, Ырғыз ауданы Қалыбай ауылының маңында жантүршігершілік апат болды. Honda Fit маркалы автокөлігінің 32 жастағы жүргізушісі қарсы бетке шығып кеткен, салдарынан 6 адам ажал құшты.
– Халықаралық тас жолдың сапасыздығы бір бөлек, оған қоса басып озғысы келген көліктердің соқтығысы орын алмаса деп жанымызды шүберекке түйіп отырамыз. Бұл жолдың тозығы жетті. 4 жолақты жол салып, олқылықтың орны толар күнді аңсаймыз, – дейді Қызылорда тұрғыны Ернар Уразаев.
Әңгімемізге тұздық ретінде айта кетейік, «Қызылорда – Алматы» тас жолында да апат саны жиі. Себебі қазіргі кезде тасымалдаушылар көп. Мұндай үрдіс «Қызылорда – Ақтөбе» жолында да артып келеді. Еліміздегі жол қауіпсіздігі мәселесінің ушығып кеткенін мына деректерден-ақ аңғаруға болатындай. ІІМ мәліметінше, жыл басталғалы бері республика жолдарында 7180 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Апат салдарынан 1017 адам көз жұмса, 9500-ден астам жолаушы жарақат алған.
− Осы кезде көлік со­ғысы Toyota Aifard, Toyota Sienna, Honda Odissey секілді минивендерге қатысы көп. Көлік жаңа бол­ғаннан кейін оның қоз­ғалт­қышы да жылдам жұмыс істейді. Қоз­ғалт­қы­шы­на сен­ген жүр­гізушілер тез жету мақсатында жолақты кесіп, жылдамдығын арттырып көлік соғы­сы­на жол бе­ріп ке­леді. Полиция қыз­мет­керлері оларды тоқтатып тексергенмен өзгерген дүние аз, − дейді тұрғын Досжан Талғатов.

Түйін. Жол ережесін сақтау – әрбір адамның өз өміріне деген жауапкер­шілігі әрі бірден-бір кепілі. Жолды жөндеуге болады, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңнаманы жетілдіру де уақыт еншісіндегі іс. Тек сақтықты серік етуді ұмытпасақ екен…


Дос ТАБЫЛДЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!