Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі
Түркия азаматы қазақ тілін үйрену үшін Қазақстанға арнайы көшіп келді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Tengri.news-ке сілтеп.
Кадрие Ишыклы – Түркия азаматы, Ыстамбұл қаласының тұрғыны, үш баланың анасы. Қазіргі уақытта ол Түркістандағы Қ.А. Ясауи атындағы университеттің Дайындық орталығының тыңдаушысы. Кадрие ханым университет тарихындағы ең үлкен жастағы студент болып, жастарға үлгі.
Кадрие Ишыклының айтуынша, түркі халықтарының елдері, мәдениеті және дәстүрлеріне деген қызығушылығы оны Түркістанға білім алуға жетелеген. Қазақстанға келгеніне небәрі бір жарым ай болса да, ол қазірдің өзінде қазақ тілін түсіну деңгейіне жеткен.
«Қазір қазақ тілін үйреніп жатырмын. Түркі елдерінің мәдениетімен танысқан ұнайды. Мұнда қазақ тілін меңгеріп, мәдениетін танып, кейін бауырлас елдерді аралағым келеді», – дейді ол.
Бұған дейін Кадрие Ишыклы Түркияда «туризм» мамандығы бойынша жоғары білім алған және әлемнің 20-ға жуық елін аралаған. Ендігі мақсаты – Орталық Азияны зерттеу. Осыған орай, Ахмет Ясауи университетінде «туризм» мамандығы бойынша оқуын жалғастыруды жоспарлап отыр.
Қазақстанға келген бойда Кадрие Ишыклы жаңа ортаға тез бейімделіп, барлығымен оңай тіл табысқан. Дайындық орталығының оқытушылары оның білімге деген ашықтығы мен қазақ тіліне жоғары қызығушылығын ерекше атап өтуде.
Кадрие Ишыклының батыл шешімі жастарды шабыттандырып, білім алуға ешқашан кеш емес екенін дәлелдеді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!