Әнебір балық жайлы әпсана бар еді. Қосжардағы Қылышбек көкем мен Әбілқасым ағам кезектесе отырып айтып берген. Олардың да көз ашқалы көргені көл мен өзен. Балық туралы баяғының әңгімесін солар айтпағанда, әрі қалай айтады десеңші…

Енді диалогқа қараңыз. Әңгімені ұштығын шығаратын баяғы өзім ғой.

– Осы ең төзімді, құрғақта бұзыл¬майтын қай балық?

– Кәріп қой. Дұрысы, сазан дейікші. Одан кейінгісі – жыланбалық. Пәтшағар су болмаса да, батпаққа басын тығып жата береді, – деді Қылыш аға күліп.

– Сазанды естігенмін. Ресейдің ақ патшасына қалай тірі апарғаны ғажап енді.

– Сол ғой. Бұл сазан жарықтықтың қабыршағы мен желбезегі құрғамаса болды, тірі жата береді емес пе?!

– Рас екен-ау, – дедім мен. – Патшаға біздің аралдық балықшылар кәдімгі мөңкені сулы киізге орап апарған дегенді оқып едім. Мөңкеңіз сазан тұқымдас қой.

Атарбамен айшылық жүретін жерге тірі балықты қалай жеткізді десем, сулы киіз сәл дегдісе, үстіне су құя берген көрінеді. Мәскеуге дейін киізді кептірмеген болып тұр ғой сонда.

– Иә, әлгінде айтқанымдай, сыртқы қабыршағы мен желбезегіне су тисе болды, тірі күйінде жатады.

– Онда патшаңның алдына құй¬рығымен жер сабалай, шоршып түсті десеңші, – дедім мен де мәз бола.

– Балықтың қасиетін енді ұғып келеміз ғой. Әйтпесе, адам денсаулығына керекті көп мөлшердегі дәрумендер осы балықта, – деп сөйлеген Қылышекең сәл ойлана, әңгі¬месін қайта жалғастырды.

– Саған бір әңгіме айтып берейін. Мүмкін, оны газетіңе жазарсың, жазбассың. Бірақ жүрген жеріңде айта жүрсең болады. Менің де шалдардан естігенім ғой.

– Айтыңыз, маған да керегі сол, – дедім елеңдей…

«…Бір пенде Құдайға қатты ренжіпті» деп басталады бұл әпсананың басы. Неге ренжігенін кім білсін, әлде өмірінде кездескен қиындыққа төзбеді ме, әйтеуір қатты ашуланғаны сонша, «Құдайды атам» деп кіжініпті. Иә, қатты кектенгені сонша, атар оғын күні бұрын дайындап, садағын әбден сайлайды ғой әлгі антұрған. Қош, сонымен әлгі Жаратушыға кекті пендеңіз бәлкім ертеңгісін, бәлкім түсте, мейлі кеш дейікші, садағын көкке қарай кезеніпті ғой. «Әй, мен білсем, Құдайың осы тұста болар» деп оғын көздеп, садағын тартып жібергенге ұқсайды.

Енді қызығын қараңыз. Құдай да бұның жағдайын түсініпті. Түк те ашуланбапты. Керісінше, «байғұс, пендем-ай, сені қалай жарылқасам екен» деп кәдімгідей мейірімі түсіпті. Сөйтіпті-дағы да әлгі ренжіген пендесінің атқан оғын кері қайтарған ғой. Бос қайтармаған, садақ оғының басына бір балықты іліп жіберіпті дейді.

Аңыздың келесі бөлігінде жаңағы кекшіл мергеннің жағдайы белгісіз. Бізге белгілісі балықтың жайы ғана. Садақ оғының басында кеткен балық кейіннен ана дүниеге барып өкпесін жеткізеді ғой.

– Уа, Жаратушым, – деп жылам¬сырапты балық сонда.

– Әлгі бейшара сені тілдеп дымыңды қалдырмағанда, оны жазықты етудің орнына, мені оққа қиғаның қалай?!

– Оның рас, – депті. – Бірақ ендігі жерде сенің де басыңа бір артықшылықты берейін. Мен әу баста адамзатқа ненің арам, ненің адал екенін белгіледім. Оның ішінде өзіне тиесілі аң-құс, жан-жануардың бауыз-далмаса, еті арам болатынын айттым. Ендігі жерде сенің етің адал. Тіпті, судан шығып, өлген күйі де адамзат пайдасына жарай бересің. Ендігі орның пейіште болады…

Міне, қызық! Малды бауыздап, адалдайтын, арам өлгеніне жуымай-тын қазақтың ауға оралып, су бетіне әлдеқашан шыққан балықты өлсе де жей беретіні осыдан шығар. Біз есіткен балық жайлы аңыз-әпсананың бірі осы еді, оқырманым.

Айтпақшы, мына фото біздің елде түсірілген. Дария бойы ғой. Анау жігіт Жәкбай көкемнің ұлдан үлкені Берекет. Жәкеңде ұл көп. Қыз да көп. Құралай Жұқашовамен бір класта оқығанмын. Парталасым да болды. Бір жылдай-ау. Әлде одан аз ба екен?! Одан әрі ұзамаған. Менің адам төзгісіз “жыбырыма” төзбей, артқы орындыққа қоныс аударғаны есімде.

Иә, Бағдаш апа балалы-шағалы жан. Жәкеңнің Құдай қосқан қосағын айтам да. Бұған Жәкбай көкемнің үлесі жоқ дей алмайсыз. Не айтып отыр едік өзі? Фотодағы балық еді ғой айтпағымыз. Берекет қара жұмысқа піскен жігіт. Көлік те жөндейді, шөп те жабады. Жасынан бейнет көрген. Қақаған қыста теңізде түнейді. Сонда мұз ойып, маңдайын терлетеді. Жай терлемейді, ауға түскен тыран мен тістіні қаптап сатады. Солай үйіне несібесін тасиды. Ризамын бұл інішекке.

Солай. Жаңақұрылыстың жігіттері кейде жүндеп кеткен жайынды да жей береді. Айтпақшы, мына “пенсионер” балықты ұстадың деп Берекетті ешкім сөкпес. Өзі де қалжырап жүрген жайын көрінеді…

Ержан ҚОЖАС

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!