Журналист Амангелді Батырбековті өлтіру үшін киллер жалдаған Сарыағаш ауданының білім бөлімінің бұрынғы басшысы Бауыржан Майрыхов 11 жылға сотталды. Бұл туралы Түркістан облысы сотының баспасөз қызметі хабарлады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Қылмыстық істер жөніндегі облыстық мамандандырылған ауданаралық сот журналист Амангелді Батырбековке жасалған қастандық ісі бойынша үкім шығарды. Іс бойынша бес адам жауапқа тартылды. Олардың ішінде тапсырыс беруші – Сарыағаш ауданының білім бөлімінің бұрынғы басшысы Бауыржан Майрыхов, делдал және қылмысты орындаушылар бар. Соттың мәліметінше, үшінші қаңтарға қараған түні Амангелді Батырбековтың үйіне үш киллер келеді. Белгілі болғандай, олар журналистке оқ атады, бірақ тимей қалады. Нәтижесінде журналистің 31 жастағы ұлы жарақат алады. Іс бойынша айыпталған бес айыпталушының барлығы бас бостандығынан айырылды.

«Бауыржан Құрбанәліұлы Майрыховқа 11 жыл 3 ай ең көлемінде қауіпсіздігі жоғары колонияда жазасын өтейді. Сондай-ақ Молдаходжаев Сабырходжа Моратходжайұлына 11 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қуандықов Абдухамит Дәулетұлына 13 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Досболов Мейіржан Мыңболұлы – 12 жыл бас бостандығынан айырылды. Нұрғали Мырзалиұлы Қыдырәлиевке 12 жыл 6 ай тағайындалсын. Барлық күдіктілердің кінәсі толық дәлелденген. Сотталғандар ең жоғары қауіпсіздік колониясында мерзімін өтейтін болады»,-деп хабарлады Түркістан облысы сотының баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, сотта бұрынғы шенеунікнің кісі өлтіруге бес миллион теңгеге тапсырыс бергені туралы белгілі болды. Шенеунік қылмысты өзі туралы жазған журналисттің “жағымсыз» материалынан кейін жасаған. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!