Бүгінде «Бизнес бастау» жобасының игілігі мен пайдасын көргендер саны жыл санап артуда. Биылдың өзінде жоба аясында Қызылорда облысы бойынша 2500 азаматты қамту жоспарланған. Ал облыс бойынша 5 жылда 11 243 азамат «Бастау бизнес» жобасын оқып, 6732 жоба қаржыландырылды. Мәселен, «Бастау бизнес» жобасының түлегі Жанатбек Қазалы ауданы үшін жаңа кәсіп түрін қолға алды. Ол – аквапринт қызметін ұсынады. Ол «Бастау бизнес» жобасына дейін көпір салушы құрылысшылармен бірге жұмыс істеген. Тапсырыс қай өңірден түседі, сол жақта жұмыс істеуге мәжбүр болған. Үнемі жолда болу қиындық тудырған соң Жанатбек тұрақты бір саланы таңдауға шешім қабылдайды.

Жас кәсіпкер Алматыға барғанда көлік әрлеумен айналысатын мамандардың аквапринтпен жұмыс істеу тәсілін көреді. Қызығушылығы оянып, осы бағытты зерттеуді қолға алады.

– Маған аквапринтті үйрену бастапқыда қиын болды. Бұл бағытта кәсіби жұмыс істейтін компания Ресейдің Самара қаласында орналасқан. Бірақ онда оқу өте қымбатқа түсетін болды. Сондықтан өз бетімше іздендім. Интернеттен видео материалдар қарадым. Алматыға барып, мамандардың жұмыс процесін көрдім. Осылайша бұл істің қолымнан қаншалықты келетінін білу үшін азғантай материалдарға тапсырыс беріп, үйде істеп көрдім, – дейді Жанатбек Аманов.

Аквапринт – Қазалы ауданында әрі таныла қоймаған қызмет түрі. Жанатбектің кәсіпті жүйелі жүргізуі үшін қаржысы, тәжірибесі жеткіліксіз болған. «Бизнес бастау» жобасы туралы естіп, оқуға өтінім береді.

– Жобадан көп нәрсені үйрендім. Кәсібіме жарнама жасауды, есеп тапсыруды, тіпті адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасау жолдарына дейін біліп шықтым. Пандемия болғандықтан оқу онлайн болды. Бірақ бизнес-тренеріміз үнемі байланыста болып, барлық сауалымызға уақытылы жауап ала алдық, – дейді бастаулық кәсіпкер.

Жанатбек Аманов жобаның сертификатымен және дайын бизнес-жоспарымен конкурсқа қатысып, «Еңбек» бағдарламасы аясында берілетін 555 мың теңге грантты жеңіп алады. Бастапқыда жаңа кәсіп түрі қазалылықтарға таңсық болып, тапсырыс аз түскен. Оның үстіне шектеу шаралары еркін жұмыс істеуге мүмкіндік бермеген. Дегенмен Жанатбек «Бастау бизнес» жобасы барысында үйренген біліктілігін пайдаланып, әлеуметтік желі арқылы жарнама беріп, нәтижесінде тұтынушылар саны артқан.

– Қазір 2 адам болып жұмыс істейміз. Көлігі ескі азаматтар салонын жаңалауға шамасы келе бермейді. Ал аквапринт, яғни фото клеенка арқылы көлік салонын әрлеу, әрі жаңалау өте тиімді. Сұраныс күннен күнге артып келеді, – дейді Жанатбек Аманов.

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, Қазалы ауданында 2017-2020 жылдары 1288 азамат «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқып, 911 жоба мемлекет тарапынан  қаржыландырылған. Биыл жоспарланған 400 адамның 282-сі сертификатын алып үлгерген. Ал курсты тәмамдап, грантты ала алмаған бастаулықтарға қазір жақсы мүмкіндік бар. Олар биыл өңірде құрылған «Atameken Qyzylorda» микроқаржы ұйымы арқылы 6 пайызбен 5-7 жылға дейін жеңілдетілген несие ала алады.

А.ҚАРЖАУБАЙҚЫЗЫ