Бүгінде қыз-келіншектердің көбісі бес аспап. Олар арнайы курстарға жазылып,  жан-жақты іздеуге ықыласты. Қызығушылығы арқылы кәсіп ашқандар да бар. Әсіресе әлеуметтік желіде кондитерлік өнімдердің, бетті әрлеу мен шаш үлгісін жасауды үйрететін парақшалардан көп нәрсе жоқ. Мұның барлығы – кәсібін енді бастаған жастардың ісі. Қармақшылық Айнұр да солардың қатарында. Ол бүгінде наубайхана ісін қолға алды.

“Кәсіптің ең ауыр түрі наубайхана”деген сөзді жиі естимін. Бір кісі наубайхана ашып, оны ұл-қызы жүргізгенін айтқан еді. “Түннің бір уақытында келіп, таң ата кетіп қалады. Ұйқыны да ұмытты” деген сөзінде. Шынымен наубайхана жұмысының қиындығы бөлек әңгіме. Ол осы қиындықтың бәрін бастан өткеріп, наубайханасын дамытуда.

– Тәтті өнімдер пісіру өзіме ұнайды. Уақытымның көп бөлігін асханада өткіземін. Тапсырыс көп, алғашқыда көңілімнен шықпайтын тәттілер болған. Бүгінде біразын үйреніп алдым. Уақытты да тиімді пайдаланамын. Баламен үйде отырған соң, бір іспен айналысайын деген ойға келдім. Сөйтіп наубайхананы таңдадым. Өзімнің қолымнан келетін, қызығушылығым бар кәсіптің осы түрі ыңғайлы деп шештім, – дейді жас кәсіпкер.

24 жастағы кәсіпкер бала күтімінде отырып-ақ кәсіппен айналысуға болатынын дәлелдеді. Ол 2 жылдан бері мыңнан аса тұрғыны бар Қармақшы ауылдық округі тұрғындарының нан өнімдеріне сұранысын қамтамасыз етіп келеді.

Жас келіннің жолдасы мен балаларына әзірлеген нан өнімдері ауыл тұрғындарының да көңілінен шығып, көрші-көлемнің сұранысымен торт пен тоқаш пісіріп сата бастайды. Кейін кейіпкерімізге жолдасы «Бастау бизнес» жобасына қатысып, қызығушылығын кәсіпке айналдыруды ұсынады.

– Торттың түр-түрі бар. Қазіргі таңда олардың атауы да көбейіп кетті ғой. Соны тапсырыс берушінің қалауы бойынша жасап беруге тырысамын. Тортқа тапсырыс көп түседі. Туған күнге арнайылап жаздырып алғанды ұнатады. Менің міндетім – тапсырыс берушінің көңілінен шығу, – дейді Айнұр.

Сөйтіп ол кәсіп негізін үйрену курсын 2019 жылы тәмамдайды. Былтыр грант мақұлдайтын комиссия алдында бизнес-жоспарын сәтті қорғап, 550 мың теңгеге ауылында шағын наубайхана ашты.

«Күніне 40 шақты нан, 20-дан аса шелпек пісіремін. Бұдан басқа тұрғындардан тортқа, тоқаштың түр-түріне тапсырыс түседі. Шүкір, кәсібім жақсы жүріп тұр. Үй шаруасымен айналысып та, балаларыма қарап та үлгеремін. Хоббиімнің кәсіпке айналуына мүмкіндік берген «Бастау бизнес» жобасына, бизнес-тренеріме алғысым шексіз. Ауыл әкімдігі де кәсібімнің кеңеюіне көмектесті»,–дейді бастаулық түлек Айнұр Алшынбай.

Бүгінде аудан тұрғындары пештен шыққан ыстық нанның қаладан келуін күтпейді. Себебі Айнұр қармақшылықтарды ыстық нанмен, тәттілермен қамтып отыр. Қазіргі таңда кішігірім кәсіп ашып, оның жұмысын одан әрі жандандырып, санаулы уақыт ішінде іргелі кәсіпорынға айналдыруға ешқандай кедергі жоқ. Бұл ретте, бастысы, қаражат емес, білім мен бірлік керек. Осылайша өңірде кәсіп көзін таба білгендердің әл-ауқаты жақсара түсетіні белгілі.

Мөлдір САБЫРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!