Облыс бойынша 15 тойхана өз қызметін өзге салаға қайта бағыттады. Атап айтсақ, Арал ауданындағы «Ақ Ниет», «Алмаз» мейрамхана қызметін сауда саласына ауыстырса, «Хан Шатыры» тойханасы асхана қызметін көрсетуде. Ал Қармақшыда «Мирас», «Алтын ғасыр» тойханасы құрылыс материалдары мен киім-кешек сату дүкенін айналса, «Малие ана» кондитер өнімдерін шығару және балалар ойын алаңын ашса, «Айқын» тойханасы құс шаруашылығымен айналысуда.

Сондай-ақ, Қызылорда қаласы бойынша 4, Қазалы ауданы бойынша 2 және Сырдария ауданы бойынша 2 тойхананың қызмет бағытын өзгерту жұмыстарын атқаруда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Тасқараев баяндады. – Сонымен қатар, Қызылорда қаласы бойынша «ДАЛАТЕКС» серіктестігімен «Orda» мейрамханасының ғимаратынан автоматтандырылған лаваш шығару өндірісі іске қосылуы күтілуде. Оған шамамен 30 млн. теңге қаржы бағытталып, тиісті құрал-жабдықтарға тапсырыстар берілді. Сонымен бірге, «Ұлытау» тойханасында шырындар мен сусындар өндірісі іске қосылатын болады. Жоба «Байқоңыр» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп іске асырылмақ. Оған шамамен 50-60 млн. теңге қаржы жұмсалатын болады, – деді М.Тасқараев. Қазіргі таңда, платформа аясында кәсіпкерлік саласындағы мекемелер бір жерге шоғырландырылған арнайы «Бизнеске арналған Үкімет» кеңсе ғимараты жұмыс жасайды. Яғни, кәсіпкердің уақыты мен шығынын үнемдей отырып, әкімшілік кедергілерді барынша қысқартып, қызметтерді бір орталықтан алу мүмкіндігі бар.