Қазақстанда бірқатар маман иелерінің зейнетке шығу жасын төмендету ұсынылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Мәжіліс отырысында депутат Ерлан Смайлов қазақстандықтардың зейнет жасына байланысты бірқатар мәселені ортаға салды.
«Еліміздің конституциясына сәйкес, Қазақстан өзін әлеуметтік мемлекет ретінде бекітеді, оның ең жоғарғы құндылығы – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Лайықты қарттық құқығы, әрине, еңбек ету құқығы сияқты, біздің азаматтардың басты құқығы болып табылады. Қазіргі кезде лайықты қарттық құқығын жүзеге асыру бойынша сұрақтар көп. Бұл әсіресе зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмысшыларға – металлургтерге, кеншілерге, мұнайшыларға, кен байыту, уран өнеркәсібінің жұмысшыларына және өнеркәсіптік кәсіпорындарда жұмыс істейтін жүз мыңдаған қазақстандыққа қатысты», – деді депутат.
Оның айтуынша, зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмысшылардың зейнетке шығу жасын төмендету керек.
«Мемлекет олар үшін зейнет жасын төмендетіп, лайық зейнетақымен қамтамасыз етуі керек. Қазіргі белгіленген зейнеткерлік 63 жаста қазақстандықтардың қартайған кезде лайық өмір сүру мүдделері мен құқығы мүлде сәйкес келмейді. Қауіпті және зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қазақстандық жұмысшылардың саны – 1 645 247 адам, олардың 987 645-і – ер, 657 602-сі – әйел», – деді Смайлов.
Депутат қауіпті және зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеу жұмысшылардың денсаулығына кері әсер ететінін атап өтті.
«Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, біздің елде өмір сүрудің орташа ұзақтығы 2020 жылы ерлерде – 67, әйелдерде 75,5 жас болды. Сонау 1956 жылы КСРО заңымен жұмысшылар мен қызметкерлерге жер асты жұмыстарында, зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыс орындарында және ыстық цехтарда жеңілдікпен зейнеткерлікке шығу құқығы белгіленді: ерлер – 50 жасқа толғанда және жұмыс өтілі кемінде 20 жыл болса, әйелдер – 45 жасқа толғанда және жұмыс өтілі кемінде 15 жыл болса. Ел жойқын соғыстан енді ғана айығып келе жатты, бірақ соған қарамастан жұмысшылардың құқықтары мен мүдделері анық құрметтелді», – деді депутат.
Смайлов оңтайлы зейнеткерлік жасты анықтау үшін қауіпті өндірістегі жұмыс өтіліне сәйкес және мамандық пен жұмыс ерекшеліктеріне байланысты бөлу әдісін ұсынды. Сонымен қатар, ол қызметкердің денсаулығына қатысты қарама-қайшылықтар болмаған кезде және компанияның маманға қызығушылығы болған жағдайда жұмысын жалғастыру құқығын сақтайтынын айтты.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!