Қарбалас тіршілікте көңілді көркем ететін жарқын түстер болмаса өмірдің өзі сүреңсіз һәм сұрықсыз болушы еді. Демек, бейне мен кескін жоқ жерде өмір келбеті де келісе қоймас. Айналаңызға барлап назар салсаңыз, көз алдыңызға түрлі картина келеді.

Мәселен, тұмса табиғаттың тосын мінезі, яғни, құбылып күркіреуі, найзағайдан соң нөсердің құйып салуы,күннің ұясына батуы сынды құбылыстар адамды бейжай қалдырмайтыны белгілі. Сондай сұлулықты қылқаламмен сол қалпында қағаз бетіне түсіру, бейнеге жан бітіріп сөйлету екінің бірінің қолынан келе бермейтін өнер. Сайып келгенде, суретші туындысында тек қол еңбегі ғана емес, қиял мен шалқар шабыттың қабысуы, жүрекпен үндескен үйлесім байқалып жатады. Ақ қағаздың бетінде сыр мен жан жұмбағы жасырынатындай. Осыншама аяулы сезімдерді қылқаламның құдіретті ізіне сыйдыру қабілет пен өнерге деген құштарлықтан туады. Әсемдікке әсерлене қарап, таңданысқа толы дүниені тасада тыс қалдырмай қағазға бейнелеп, суретті сезініп отырып салатын таланттың бірі – Құндызай Жанабай.


Иә, бейнелеу өнері – бөлек әлем. Әр картинаның санада сайрайтын сыры, тіпті түйсікте түртіліп қалар тарихы бар. Сәйкесінше, сан түрлі бояулардың сиқырлап алатын күші бары тағы рас. Осы бір әлемге енгенде жан тыныштығын табатын Құндызай сурет салудан қол үзбек емес. Себебі, өнерді түсінетін өресі биік ару сурет салудың таным шеңберін тар етпей, ақылды артты­ра­тынын және жан-жақты болуға жетелейтінін жақсы біледі. Мектеп қабырғасында жүргенде шығармашылығымен жұрт назарын аудартып, жетістікке жете білген ол әркез шеберлігін шыңдауда.


– Суретке деген қызығушылығым бала күнімнен қалыптасты. Бейнелеу өнеріне бейім болуыма әкем де ықпал етті. Ол кісі де суретті жақсы салады. Қарым-қабілетімді байқаған жетекшілерім мені үйірмеге бірден қабылдап, 2 жыл сонда сабаққа қатыстым. Алғашында сурет салуды хобби ретінде қарастырсам, қазір мамандығыма бағыттап алдым. Сурет салудағы тәжірибем архитектура мамандығына тапсырудағы сыннан сүрінбей өтуіме септігін тигізді. Алдағы уақытта осы шеберлігім дизайнер саласында да төбе көрсетуіме мол мүмкіндік береді, – деді Құндызай Серікқызы.


Қылқалам шеберіне айналу үшін талғампаздық, еңбекқорлық, әрбір де­тальға ерекше назар ау­да­ратын бай­қам­паздық керек. Қанша дегенмен сурет салу айқыш-ұйқыш сызықты сызып, бояумен өңін өңдеп, келістіре салатын жеңіл іс емес. Адам суретке үңілгенде үзік сырды байқап, қағаз бетінде сөйлеген сезім үнін естіп, көрініске таңдай қағуы қажет. Құндызайдың шығармашылығында дәл сондай шынайылық бар. Оның кез келген туындысы таланты мен талпынысын танытып, шабытының шарықтау шегін айшықтап, дарынды екенін дәлелдеп береді. Демек, туынды мен оның иесінде тұтас тамырластық пен бүтін болмыс жатыр.


– Суретте аса қатты мән беретінім жаны бар адам, жан-жануарларды салғанда көбіне эмоцияны көрсетуге тырысамын. Гүл немесе құмыра секілді суреттерде шынайылық беруге, жаттанды жасандылыққа жуымауға көңіл бөлемін. Иә, суреттерімді сатып алғысы келетіндер бар. Бірақ мен суретке өзімді арнап, көз майымды тауысып, жаныммен салатындықтан ешкімге қимаймын, өнерімді саудалағым келмейді. Тек сыйлыққа берген кездерім болды, – дейді ол.
Өз заманында тұнған талантымен танымал болып, туындысына талай тәнті болған суретшілер көп. Содан болар, бүгінге күнге дейін ұлы суретші атанып, картиналары әлем тізімінде көш бастап тұрғандар бар. Асылында салынған бейнеге селт етпейтін адам кемде-кем. Суреттің мәлім де беймәлім мәнін ашуда ынталы болып, суреттегіні әркім өзінше болжап, сана сүзгісінен өткізіп, таным таразысында талдап алуына да нақ сол себеп. Яғни, адам бойында таңданыс сезімін тудыра алған, ойлануына түрткі болған туынды қылқалам шеберінің өнерге өгей қарамайтынын айғақтай түспек. Әлбетте, әр суретішінің өзіне тән ерекшелігі, ғаламды қағаз бетіне сыйдырып әкетер ғажайыбы, тапқыр тәсілдері болатыны анық. Осы ретте, талғампаз Құндызай Висенте Ромероны жанына жақын тұтып, суреттеріне аса назар аударатынын тілге тиек етті. Испандық суретшінің туындысы ерекше ұнап, қызыға қарайтынын, оның жарықты бейнелеп, бәрін бүкпесіз, ешбір боямасыз қағазға түсіретініне таңқалыспен қарайтынын жеткізді.
Шынтуайтында, бейнелеу өнері бір орында бөгеліп, тасада тапжылып қалуды құптамайды. Құндызай Серікқызы дамуда дамыл таппай, үздіксіз ізденістің ізін жалғап жүр. Машақатына мән берместен машықтануын жалғастырып, галереяларға жиі барып, өзге суретішілердің жұмысымен танысып, ерекшелігін есте сақтап, тың тәсілдерді түртіп алуға тырысады. Бұл қызығушылықтың жоғары, өнерге махаббаттың шексіздігін білдіреді. Сондай-ақ, бейнелеу өнерінің әр жанрын жетік меңгеріп, қыр-сырын үйрену, сүйікті істі ұршықша иіріп әкету ұқыптылықты, талантты болуды талап етеді. Осы сенім үдесінен шыға білген, бала күнгі арманы мен болашағын бекіте байланыстырған Құндызай өнерімен өрге, шабытымен шыңға шығатыны анық.

Замира ҚОНЫСЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!