Халықты сапалы, сауатты, шынайы ақпаратпен қамтамасыз етуде баспасөздің орны бөлек. Газет-журналдардың бүгіні мен ертеңі Астана қаласында өтіп жатқан «Өңірлік мерзімді басылымдар» форумында талқыға түсті. Жастар газет оқудан, руханияттан алшақтап бара жатқан заманда Қызылорда облысының әкімі тың бастаманы қолға алмақ. Форум барысында «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың 5 мың студенттің газетке жазылуына субсидия бөлетінін айтып өтті.

«Мұны облыс әкімінің жастарға жасаған жанашырлығы әрі елдік мүддені ту еткен мерзімді басылымдарға көрсеткен қолдауы деп түсіну керек. Қазіргі таңда Сыр өңіріндегі жоғары оқу орындарында 15 мыңнан астам студент, колледждерде 20 мыңның үстінде студент оқиды. Солардың арасынан ықылас танытқан жастарға тегін газетке жазып беру мүмкіндігі қарастырылатын болады», – деді Аманжол Сақыпұлы.

«Сыр медиа» ЖШС – облыстық медиа құрылым. Оның құрамына 3 облыстық, 1 қалалық, 7 аудандық, Kyzylorda-news.kz ақпарат агенттігі және одан бөлек бірнеше интернет-ресурстар кіреді.

«АЖ ақпарат»

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!