Мемлекеттен қайтарымсыз грант алғысы келген түркістандық бойжеткен 6 млн теңгесінен айрылып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оны жақын танысы алдап кеткен. Күдікті кәсіпкерлік мақсатта мемлекет тарапынан қайтарымсыз 20 млн теңге алып беретініне сендірген. Содан өз қызметіне 6 млн теңге алған.

Жәбірленуші өзінің алданғанын 6 айдан соң бірақ түсінген.

«Аталған жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді.

Күдікті бойжеткен жұмыссыз жергілікті тұрғын болып шықты. Жалпы оның алаяқтық қылмыстың 3 фактісіне қатысы бары анықталды. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 8 миллион теңгені құрады. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, «Алаяқтық» бабымен тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – делінген Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.